$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.08.2024, 17:25
Қоғам

Су тасқыны: Құлсарыдағы құрылыстың қарқыны жайлы есеп

215 бизнес субъектісіне өтемақы төленді

Су тасқыны: Құлсарыдағы құрылыстың қарқыны жайлы есеп
Фото: ҚР Үкіметі

Олжас Бектенов Жылыой ауданы Құлсары қаласында су тасқыны салдарын жою барысы және қалпына келтіру жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облысында су тасқынынан барлығы 2650 үй зардап шекті. Осы күнге дейін барлығы 1,3 млрд теңгеге 3652 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы көмек алды.

Үкімет басшысына Құлсары қаласының «Болашақ» жаңа шағын ауданында 100 тұрғын үй салу барысы туралы баяндалды.

«Бүгінгі таңда жұмыс 72%-ға аяқталды: салынып жатқан 96 нысанның іргетасы қаланды, 78 үйдің қабырғасы тұрғызылды, 34-інде төбесін жабу жұмыстары басталды. Үйлерді осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Шағын аудандағы тұрғын үйлерден бөлек, 2 мың орынды Binom мектебі мен 300 орынды балабақша салынады. Сондай-ақ жаңа үйлердің болашақ тұрғындарының демалуына арналған орындар жабдықталады», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.  

Тұрғын үй құрылысы мерзімінде аяқталуы үшін Құлсары қаласы нысандарындағы мердігер ұйымдар саны 2,5 есеге ұлғайтылды. Жүргізіліп жатқан жұмыстың сапасын бақылау мақсатында учаскелерде Gov.kz сайтында көрсетілетін бейнебақылау камералары орнатылған.

«Су тасқыны салдарын жою Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Жұмысты тездетіп, мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтау керек. Құрылыстың барлық кезеңін бақылай отырып, әр мердігермен жобалық негізде жұмыс істеу қажет. Бұл тұрғын үйдің тиісті сапасын қамтамасыз ету үшін маңызды», - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Құлсарыда су тасқыны кезінде бүлінген автожолдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған 12,1 шақырымның 4,9 шақырымы жөнделді. Сондай-ақ су тасқыны кезінде зардап шеккен 215 бизнес субъектісіне өтемақы төленді. 1614 шаруа қожалығына мал мен үй құстарына келтірілген шығын өтелді.

Серіктес жаңалықтары