Қайрат Боранбаев басқарған мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті
Компанияның құны 35,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр
«Phystech II» акционерлік қоғамы 1 тамыздан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің меншігіне өтті. Қазақстанның Мұнай кеңесінің хабарлауынша, компанияның құны 35,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан қор биржасының (KASE) деректері бойынша, осы жылдың 1 тамызынан бастап «Phystech II» АҚ-ның жалғыз акционері және сәйкесінше компанияның орналастырылған акцияларының жалпы санынан бес және одан да көп пайызын құрайтын акцияларға иелік ететін жалғыз тұлға – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті болып табылады.
«Phystech II» АҚ-ның 18 500 000 қарапайым акциясы бар, оның 13 749 100-і қор биржасына орналастырылған.
Анықтама үшін:
Компания Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіреді және оның құны шамамен 35,5 миллиард теңгеге бағаланады. Бұрын компания Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған, ол өткен жылы «Солтүстік Қаражанбас» кен орнын, «Азия Газ Чунджа» газ тарату компаниясын және «ҚазТурбоРемонт Сервис Орталығы» ЖШС-ін мемлекет меншігіне тапсырған болатын.