«Кедергісіз келешек» - Астанада мүгедектігі бар 50 адамның мәселесі оң шешім тапты
Астанада жыл басынан бастап «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 185 іс-шара өткен
Еліміз мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін барынша ескеретін инклюзиялық, әділетті қоғамды құруға бағдар алды. Енді ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мүдделерін Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат өкілдері білдіруде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылдың наурыз айында халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарының құқықтары бойынша Президент жанынан Омбудсмен институты енгізілді. Елімізде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы арнайы жобалар кешені іске асырылуда. Түпкі мақсат – мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құрылған елге айналу.
Ресми деректер бойынша Қазақстан 724,9 мың мүгедектігі бар адам өмір сүреді, оның ішінде, 625,4 мың – ересектер, 109,4 мың – 18 жасқа дейінгі балалар.
2024 жылы партияның құрылған Әйелдер қанатының «Инклюзиялық қоғамды дамытуға көмектесу» атты басымдығын жүзеге асыру үшін «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мазмұны жаңартылды.
«АMANAT» партиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңес құрылды, оның негізгі міндеттері: инклюзиялық қоғамды дамыту мәселелерін талдау және ұсыныстарды әзірлеу; партияның Сайлауалды бағдарламасының аталған бағыт бойынша іске асырылуын қамтамасыз ету және мониторингтеу болып табылады.
Мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту бойынша мемлекеттік шараларды қолдай отырып, «AMANAT» партиясы бұл азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге көптеп тартуды көздейді және негізгі шараларды ұйымдастырады. Олар келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:
- «Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым қолжетімділігін қамтамасыз етуге көмектесу;
- «Инклюзиялық қоғамның дамуына көмектесу»;
- «Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмыспен қамтуды дамытуға көмектесу»;
- «Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік-мәдени және спорттық қызметке тартуға, сондай-ақ оларды оңалту құралдары үшін инновациялар мен жоғары технологияларды енгізуге көмектесу».
Осы 4 бағыт бойынша Астана қаласында 2024 жыл басынан бастап «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 185 іс-шара өткізіліп, оған 2069 адам қатыстырылды. Жарты жыл ішінде 94 рейд ұйымдастырылды, оған 621 нысана тартылды, 9 құқықбұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша 34 754 мүгедектігі бар азаматтар, 19 562 ерекше қажеттіліктері бар бала тіркелген. Мектептер мен оңалту орталықтарында 37 инклюзивті кабинеттер ашылған. Сонымен бірге, еңбекпен қамту мақсатында 9 бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, нәтижесінде 104 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Қоғамдық қабылдауда мүгедектігі бар 589 адам қабылдауда болды, оның 50 адамның мәселесі оң шешім тапты.
Жобаның амбассадорлары: орталық деңгейде – Әбдиев Ерлан Тұрсынбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, VIII шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі. өңірлік деңгейде – облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, партия фракциясының мүшелері.