«Зауытта 20 жыл жұмыс істейміз»: Балқаштағы ерлі-зайыптылар оттың ортасында еңбек етеді

Аягөз Құрмаш

Балқаштағы зауытта ерлі-зайыптылар түрлі ауысымда еңбек етеді

«Зауытта 20 жыл жұмыс істейміз»: Балқаштағы ерлі-зайыптылар оттың ортасында еңбек етеді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

30 жастарында Балқаш мыс балқыту зауытына жұмысқа кіріп, 20 жыл қызмет етіп келе жатқан металлургтер отбасы Azattyq Rýhy тілшісіне еңбек жолдары жайлы айтып берді.

Осы салада 20 жыл қызмет етіп келе жатқан ерлі-зайыптылар мыс балқытудың машақаты ауыр дейді. Балқаш мыс балқыту зауытының 86 жылдық тарихы бар. Осы салада еңбек етіп жүргенін мақтан ететін әйел мамандар да аз емес.

Бақытгүл Сейілханова -  Балқаш қаласының тумасы. Отағасы Ерғазы Әбдікешовпен бірге Балқаш мыс балқыту зауытында жұмыс істейді. Екеуінің бір ұл, бір қызы бар.

«Ұлымыз геолог, жақында тау-кен факультетін тәмамдады. Қызымыз Қарағандыда заң факультетінде білім алып жатыр. Мыс балқыту зауытына 2004 жылдың наурызында еден жуушы болып келдім. Ол кезде диплом жоқ. Балқаштағы техникалық колледжді тәмамдап алдым. Зауытта транспортшы деген мамандық бар. Осы бағытта 10 жыл жұмыс істедім. 2014 жылы жоғары білім аламын деп «Қазақмыстың» гранты арқылы Политехникалық университетте технолог мамандығы бойынша бакалавр деңгейін алдым. Осы күнге дейін электродтарды реттеуші болып қызмет етемін. Осылайша, мыс балқыту зауытында істеп жатқаныма 20 жыл уақыт болды», - дейді ол.

Сейілханованың айтуынша, мыс балқыту цехінде еңбек ететін әйелдер санаулы.

«5 краншы, 5 электродты реттеуші және қож тазалаушы бірнеше әйел бар. Барлығы 15 әйел еңбек етіп жүрміз. Олардың отбасылары бар, жұмысын да, отбасын да ұмытпақ емес. Немерелерін бағып, балаларын оқытып жатыр.  Жұмыс кестесі 3/2. Таңғы сағат 8:00-ден сағат 16:00-ке дейін, 16:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істейміз. Балқаштың пеш ваннасындағы мыс сұйық болады. Сол массаны ерітіп отыру үшін тоқтың қысымын ұстап отырамыз. Біз қож шығарушылармен бірлесе отырып жұмыс істейміз. Себебі массаны ерітіп, қож қылып шығарып береміз. Пеште бұрындары түрлі апаттық жағдайлар орын алатын. Қазір технологиялар жаңарып, компьютерлік басқару арқылы жұмыс қауіпсіз бола түсті», - дейді Сейілханова.

Бақытгүл Сейілхановның айтуынша, жолдасы екеуі әртүрлі ауысымда жұмыс істейді.

«Осы қызметті таңдағаныма еш өкінбеймін. Шаңның ортасында жүріп қызмет еткенімізге 20 жылдан астам уақыт өте шығыпты. Еңбегімізді компания бағалайды. Жолдасым да металлург болған соң, қара жұмыс көп істейді. Кәсіби металлург. Өз еңбегімен 3 разрядтан бастап 6-ға дейін өсті. Тәлімгер ретінде көп жұмысшыны тәрбиеледі. Үйдегі өз баласынан бөлек, жұмысқа келген жас мамандарға жұмыстың ыстығы мен суығына үйретіп, тәрбиелеп шығарды. Отбасында оның қас-қабағына қарап та отырамыз. Екеуміз де осы саладағы жұмысты бірге алып жүрміз», - дейді ол.

Бақтыгүл Сейілханованың айтуынша, оттың ішінде жұмыс істеу оңай емес, оған ерекше қажыр-қасиет керек.

«Менің жолдасым Кеңес одағының батыры Нұркен Әбдіровтің үшінші ұрпағы, немере-інісі. Жұмысқа өте жауапты. Өз ісін сүйіп еңбек етіп жүр. 20 жыл бойы оттың ортасында арпалысып жүргені де осы батырдың ұрпағы болуынан деп есептеймін. Себебі ондайға екінің-бірі шыдай бермейді. Осы қызметтен екеуміз де зейнетке шығуды армандаймыз», - дейді Сейілханова.

Балқаш мыс балқыту зауытының тарихы тұңғиықта жатыр. 1938 жылдың 24 қарашасы Балқаш қаласының және бүкіл Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылды. Бұл күні алғашқы қара мыс алынды. Дәл осы айтулы оқиғадан Балқаш мыс қорыту зауытының үлкен тарихы басталды. Балқаш мысының тарихы 1928 жылдан басталады, сол кезде Қоңырат шоқысында Ленинградтық геолог Михаил Русаков кеннің орасан зор қорын тапқан. Осы ашылудан бастап Балқаш көлінің жағасында кезең-кезеңмен мыс алыбының құрылысы басталды. Ал бірнеше жылдан кейін, 1938 жылдың 24 қарашасына қараған түні Бакурадзе инженерінің ауысуы құрамында 96% таза металл бар алғашқы балқаштық мыс – 45 тоннаны құрады. Уақыт өте келе Балқаш тау-кен металлургия комбинаты әлемге таныла бастады. 1967 жылы оның мысы Лондонның түсті металдар биржасында сапа эталоны болып танылды. Сонымен қатар, кәсіпорында өндірістің толық циклы енгізілді: кен өндіруден бастап соңғы өнімге дейін - катодты мыс.

Балқаш мыс балқыту зауыты жұмыс істеген уақыт ішінде барлығы қанша қара мыс өндірілгенін ешкім есептеген жоқ. Алайда, оның көлемі Балқаш-Берлин-Балқаш пойызының екі жаққа созылып жатқан тауарлық құрамына сыйатындай ауқымға жетуі мүмкін екендігі туралы мәліметтер бар. Бірақ зауыт пайдалануға берілген сәттен бастап мыс электролизі цехының жұмысы есепке алынуда. Осылайша, 1952 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін цех 12 млн 983 мың 981 тонна катодты мыс өндірілді.

Балқаш металлургиясының тарихында бірнеше маңызды кезеңдерді атап өтуге болады. 1952 жылы Балқаш мыс қорыту зауытында электролит цехы іске қосылды. Осы цехтың іске қосылуымен жергілікті Металлургтер катодты мыс өндірісін игере бастады. 1985 жылы ПВ-1 балқыту агрегаты салынды. 1997-98 жылдары бағалы металл цехының(БМЦ) құрылысы және іске қосылуы атап өтілді. 1999-2003 жылдары мырыш зауытының құрылысы мен іске қосылуы жүргізілді. 2004 жылы ПВ-2 балқыту агрегаты салынды. 2008 жылы күкіртті ангидридтен(КҚЦ) күкірт қышқылын өндіру цехы пайдалануға берілді, ал бір жылдан кейін Балқаш және Жезқазған мыс қорыту зауыттарын қамтитын металлургиялық кешен құрылды.

Биыл балқаштың мысы өндіріліп жатөқанына 86 жыл толады.

1957 жылдың 28 қыркүйегінде КСРО экономикасының қалпына келуіне ықпал еткен кеңестік металлургиялық өнеркәсіпке құрмет ретінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Металлург күнін бекітті. Ол шілде айының үшінші жексенбісінде атап өтілді.

КСРО тарағаннан кейін мереке металлургия ел экономикасында сүбелі рөл ойнайтын ТМД-ның барлық елдерінде сақталып қалды. Қазақстанда Металлург күні Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес атап өтіледі.

Металлургтер күнін шілденің үшінші жексенбісінде атап өту - өзгеріссіз қалды.

Кейіпкердің айтуынша, Балқашта бұл кәсіптің өкілдері әр отбасында болады, мұнда бүкіл отбасылық әулеттер тұрады, олардың шеберлігі ұрпақтан ұрпаққа, әкеден ұлға, атасынаннемересіне беріледі.

«Олардың есімдерін бүкіл қала мақтан тұтады. Өндірістік көрсеткіштерді арттырудағы жалпы жетістіктерді атап өте отырып, металлургтер өндірістегі қауіпсіз еңбек туралы да ұмытпайды. Еңбек қауіпсіздігінің, жұмыс орнындағы тәртіптің жоғары стандарттарына бейілділік қана металлургтерге өз еңбегінің нәтижелерінен қанағат алуға мүмкіндік береді және барлық өсу жобаларының сапалы дамуын қамтамасыз етеді», - деп түйіндеді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.