Видеоны өшірмейміз - әйел денесін сексуалды нысанға айналдырған гүл дүкені заңгермен ерегесті
Заңгер Әйгерім Құсайынқызы осындай жарнамалар арқылы зорлық-зомбылықты қалыпты жағдайға айналдырып отырмыз дейді

Адамның ар-намысын таптайтын жарнама шығарып, көпшіліктің қарсылығына ұшыраған Алматыдағы гүл дүкені әлі де заң алдында жауап берген жоқ. Заңгер, қоғам белсендісі Әйгерім Құсайынқызы әйелдің денесін сексуалды нысанға айналдырған дүкеннің үстінен арыз жазды. Бірақ гүл дүкені заңға пысқырып та қарамайтынын дәлелдеді. Олар заңгердің желідегі парақшасына кекете отырып, жауап жазып, сексистік жарнаманы толықтай өшірмейтінін айтқан.
«Бір-екі күн видеоны архивте ұстай тұрамыз. Біз оны өшірмейтіз, ол үшін тырыспай-ақ та қойыңыз. Заңның алдында біз де, сіз де тұрып бересіз! Айтпақшы, біздің қаралымды қайта-қайта көтеріп беріп жатқаныңызға рахмет», - деп жазған дүкеннің өкілі.
Azattyq Rýhy тілшісі заңгердің өзімен хабарласып, бұндай бизнес өкілдері әдепсіз жарнама арқылы қоғамда қандай теріс көзқарас қалыптастырып отырғанын сұрады. Сонымен бірге, мұндай кәсіп нысандары қандай жауапкершілікке тартылуы керек деген сауалға жауап алдық.
«Премиум гулдер дүкенімен «қарым-қатынасымыз» өте қызық өрбіп жатыр. «Біз де, сіз де заңның алдында тұрып бересіз» деген жауабының өзінен бұл бизнес өкілдерінің мәселенің байыбына барып, біздің жан айқайымызды түсінбей тұрғанын көруге болады. ҚР жарнама туралы 2003 жылғы заңына сәйкес, жөнсiз жарнама - мазмұнына, уақытына, таратылу, орналастырылу орнына және тәсiлiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптардың бұзылуына жол берген жосықсыз, дәйексiз, әдепсiз, көрiнеу жалған және жасырын жарнама. Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ құқыққа қарсы өзге де әрекеттi (әрекетсiздiктi) қоздырмауға тиiс. Оған қоса, заңда: «Жарнама Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықтың дәріптелуін, порнографияны насихаттау немесе үгiттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi тарату үшiн пайдаланылмауға тиiс» деген норма бар», - деді спикер.
Қазақстанда бейәдеп жарнама үшін Әкімшілік кодекстің 455-бабында айыппұл қарастырылған: шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 170 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне -500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Әйгерім Құсайынқызы дәл осы бап бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Ол сексистік жарнамаларды жариялаудың арты неге әкеп соғатынын айтып берді.
«Бұл сұраққа жауап беретін бірнеше шетелдік зерттеу бар. Ең қауіптісі: Біз әйелдердге қатысты зорлықты нормализациялаймыз. Қатыгездіктен қате көрмей, әйел тәнін секс нысан етуді салтымыз дейтін күйге жету қаупі бар. Жарнама қазіргі күнгі медианың ең қуатты құралы. Жарнама тек тауарды сатып ғана қоймайды, адам санасындағы сексисттік сипаттағы пікірлерді бекіте әрі күшейте түседі. Гендерлік теңдікке қатысты қанша заң мен концепция болса да, біз күнделікті осындай жарнаманы әзіл не креатив деп қабылдасақ, бұл біздің әлеуметтік зағип екенімізді көрсетеді. Ақты қара деп айтқызған саяси жүйеден арылсақ та, әйел тәнін сататын жарнамалардан жиіркенуді үйретуге уақыт пен төзім керек. Біздің мақсат қоғам мүшелерінің феминисттік әрі гендерлік оптикасының қалыптасуы үшін еңбек ету», - деді ол.
Спикер қоғамда әйелдерді сексуалды нысан ретінде көрсететін бизнес өкілдерін нарықтың жаңа талаптары мен медиа этикетінен хабардар болып, білім көкжиегін кеңейтуге шақырды.
«Бизнеске сексисттік жарнаманың әдепсіз не орынсыз, не тіптен заңға қайша екендігін түсіндіру, біздің, феминисттер мен азаматтық белсенділердің міндеті емес. Қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін сезінетін хәм білетін бизнес нарықтың жаңа талаптары мен медиа этикетін білуі тиіс. Білмесе, клиенттерінен айырылатын күнге жетеді. Тезірек түсінгендері өздеріне жақсы. Қарсыласса, істі ушықтырып жіберетінін білмей отырса, ол олардың бизнеске қазір қойылып жатқан жаңа талаптарды білмеуінен. Заңды білмеу жазадан босатпайды, бірақ клиентсіз қалуы ықтимал. Әлемдік маркетинг трендтері туралы көбірек хабардар болу олардың қаражат табудағы басты құндылығы болмай, ештеңе өзгермейді. Тұтынушының талабын табан асты еткен бизнес -қаншалықты тұрақты дами алатын бизнес?», - деп сөзін аяқтады қоғам белсендісі.
Бұған дейін жазғанымыздай, Алматыдағы гүл дүкенінің бірі әйелдің қадір-қасиетін, ар-намысын қорлайтын жарнама түсіріп, қоғамда онсыз да ушығып тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасын одан әрі өршітуге үлес қосқан. Онысы үшін ұялып, кешірім де сұрамаған. Редакция гүл сататын дүкенге хабарласып, комментарий алуға тырысты. Алайда, әзірге ол тараптан жауап жоқ.