Күйген ағаштар кәдеге жарап жатыр: 10/1 бөлігі күлге айналған Семей орманындағы ахуал қандай
2023 маусымда орман өртінен 66 мың га жуық алқап жанып кетті

Күйген ағаштар кәдеге жаратылып жатыр. Былтыр маусым айында «Семей орманы» алқабының оннан бір бөлігі - 66 мың гектарға жуық орман қоры жанып кеткен еді. Олжас Бектенов өртенген қарағайлы орманы қалпына келтіру барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір Семей орманында озық технология арқылы қарағай ағаштары өсіп жатыр.
«Бір жылда мамандар екі рет, жалпы алғанда, 3 млн көшетке дейін алады. Жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің сапасы жақсы, сондықтан, олар жерсініп, өседі. Сондай-ақ резерват аумағында Ертіс өңірінің таспа қарағайын өсіретін жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Семей орманы» резерватының аумағына 70 мыңнан астам көшет егілді», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар сау көшеттерді дің зиянкестерінің таралуынан және қурап жатқан орманның жаңа ошақтарының пайда болуынан сақтау және қорғау мақсатында өртенген ағаштар кесіледі.
«Күйген ағаштарды кәдеге жарату және қайта өңдеу үшін өңірде дайын өнім – ЛБТ, АЖТ, ББТ, отын брикеттерін шығаратын ағаш өңдеу кешенін салуға 7,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бүгінгі таңда Семей қаласының индустриалды аймағындағы 55 га жер телімі тіркеліп жатыр. Бұл ретте өткен жылы табиғи резерват аумағында өз күшімен 38,3 мың текше метр жұмыр ағаш дайындалды. Жоба аясында 530 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр», - делінген ақпаратта.
Үкімет басшысы «Семей орманы» аумағында құқықтық тәртіптің сақталуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
«Орман – біздің ұлттық байлығымыз. Заңсыз ағаш кесумен айналысатындар – мемлекеттің жауы. Мұнда бүкіл мемлекет күш салып, түбегейлі соққы беруі керек. Бұл сіздердің және құқық қорғау органдарының міндеті», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде 14 адам қаза тапты. 2023 жылғы 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.