Шетелдік нөмірлі көліктер енді айыппұлдан қаша алмайды
Ресей, Қырғызстан, Армения, Беларусь елдерінің тіркеу нөмірімен Қазақстанда жүрген көліктер енді айыппұлдардан құтыла алмайды
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Ұлттық банк бірлесе отырып мәселенің шешімін тапқанын айтты.
Бүгінге дейін осы елдердің тіркеу нөмірлерімен жүрген көліктер Қазақстанда 814 млн теңге көлемінде айыппұл төлемей келген. Қазір 52,5 млн теңге айыппұл өндірілген, қазынаға түскен қарыз көлемі – 765 млн теңге.
«Осы уақытқа дейін шетелдік көліктер айыппұл төлемейтін. Енді біз оның амалын таптық: шетелдік нөмірлі көліктер Қазақстанға енгенде міндетті сақтандыру полисін алады. Сақтандыру парақшасында көлік иесінің есепшоты мен мәліметтері бар. Енді айыппұлдар сол шоттарға жіберіледі», - деп түсіндірді ол.
Бұл қадамға басты себеп – жыл басынан бері шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен болған 923 жол апатынан 58 адамның қаза тауып, 314 адамның жаралануы.
«Кеден одағының мүшесі болғандықтан, біздің азаматтар осы сәтті пайдаланып, Ресей, Беларусь, Армения, Қырғыз елдерінен көлік көп әкелетін болды. Олар тіркеусіз еркін қозғала алады. Ал, негігі иесі шетелде болғандықтан, біз айыппұлды жібере алмайтын едік. Енді осы ықпалдасудың арқасында көлікті жүргізіп жүрген адамға айыппұл сала аламыз. Жыл басынан бері осындай нөмірлі автокөліктер 60 мың рет жол ережесін бұзған, айыппұл көлемі 814 млн, оның тең 52,6 млн теңгесін ғана өндіріп ала алдық.Әкімшілік кодек бойынша, ереже бұзылғаннан кейін екі ай өтіп кетсе, онда іс қозғай алмаймыз. Ал, уақыт өтпесе, сақтандыру полисі арқылы жүргізушіні анықтаймыз», - дейді Әлібек Кеңесбаев.