«Көз тілігін ғана қалдырып қара киіну – дәстүрімізге қас»: депутат Нұрлан имамға зор қолдау танытты
Депутат имамдар Ханафи мазһабын ұстанатындар болуы керек екенін жеткізді
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Нұрлан имамның хиджабқа қатысты пікірін қолдап, имамдарды бұл мәселе жайлы ашық айтуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy
«Осылай нақты айтатын имамдар керек. Мүфтиятқа қатысты имамдардың бәрі (Нұрлан имам сияқты) тек Әбу-Ханифа мазһабын ұстануы керек. Өз-өзін «ұстаз» деп атайтын, түсініксіз ағымдардың өкілі керек емес. Соңғы кезде қазақ ұлтының ежелден келе жатқан анау дәстүрі харам, мынау заты сәйкес келмейді, мына киім дұрыс емес деп араңдататын «уағыз» айтатындар көбейді. «Домбыра тартпа, сәлем салма, келіннің бетін ашпа, тұсау кеспе...» деп халықтың ашуын туғызатын насихатшылар пайда болды», - дейді депутат.
Оның айтуынша, қазақ Ислам дінінің Әбу-Ханифа мазһабын, яғни Ханафи бағытының бұрынғы түркі салт-дәстүрдің Ислам дініне қайшы келмейтін тұстарын сақтап қабылдаған.
«Мысалы, қазақ даласында адам қайтыс болғаннан кейін дүние-мүлкімен, мінген атымен жерлеу дәстүрі болғанын археологиялық қазбалардан көреміз. Олар Исламға қайшы келгендіктен, осы жерде тұрғандар сол баяғы кездерде ол дәстүрден бас тартқан. Демек, қазақтың осы кезге дейінгі орныққан салт-дәстүрлерінің бәрі дінмен үйлескен, сәйкес келген ұлттық құндылық. Оларды казір ревизия жасап, жоққа шығарудың қажеті жоқ. Бізге Ханафи мәзһабы Ислам құндылықтарын ұлттық салт-дәстүрлермен ұтымды ұштастыра білгені үшін аса маңызды», - дейді ол.
Нұрлан имам радиобағдарлама кезінде қара жамылу, қара киім киіп, көзінің тілігін ғана қалдырып киіну ұлтымызға, салт-дәстүрімізге қарсы екенін айтты.
«Ол бүгініміз бен кешемізге де сыймаған дәстүр. Құдайға деген тақуалығымыз көзіне дейін қап-қара жабумен өлшенбейді. Бетін жабу не шариғаттың бұйрығы емес, ата-абаның да дәстүрі емес. Қара киімге келетін болса, қара киім жамылу қайғының, қасіреттің білдіреді», - дейді Нұрлан имам.