Астанадағы Кенесары хан ескерткішінің тұғырын жөндеу үшін әкімдік 281 млн теңгенің тендерін жариялады
Ескерткіш 2001 жылы ашылған
Астана әкімдігі Кенесары хан ескерткішінің тұғырын, іргетасын күрделі жөндеу жұмысына бюджеттен 281 млн теңге бөлді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Есіл бойында орналасқан ат үстіндегі Кенесары хан ескерткішінің тұғырының биіктігі бар болғаны 5 метр. Осы тұғырды күрделі жөндеуден өткізу үшін Астана қаласы әкімдігіне қарасты Музейлер дирекциясы 281 856 729 теңгенің лотын жариялады. Конкурстың жеңімпазы рейтингтік-балдық жүйемен анақталады. Тастұғырды жаңадан салуға емес, қалпына келтіріп, өңін кіргізуді міндетіне алған тұлғаға 3 ай уақыт беріледі.
«Бұл жұмыстар тұғырға және Кенесары хан ескерткішіндегі іргелес аумақтың, тіреу қабырғаларын күрделі жөндеу жүргізуді көздейді. Тұғырға, іргетасқа және тіреу қабырғаларына күрделі жөндеу жүргізу кезінде тұғырдың бастапқы көрінісі бұзылмауы керек, яғни қаптау материалының түсі мен сыртқы түрі бойынша жобаға сәйкес келуі керек», - делінген конкурсқа қатысушыларға қойылған талаптар жазылған құжатта.