$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.07.2024, 07:13
Қоғам

Қызылордада алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі 7 жылға сотталды

Олар танысынан қомақты мөлшерде пара алған

Қызылордада алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі 7 жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Қызылорда облысында алаяқтық жасаған адвокат пен оның әйелі 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қызылорда қалалық №2 сотының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қызылорда қалалық №2 сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен айыпталған А. мен Г-ге қатысты қылмыстық іс қаралды. Адвокаттық қызмет көрсетіп жүрген А-ның әйелі Г. танысы М-ны қылмыстық іс бойынша жауаптылықтан босатып беремін деген себеппен алдаған.

«Танысының сенімін теріс пайдаланып, оған қатысты тексеруді тоқтататынын айтқан. Бұл үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастамау үшін аталған мәселені департаменттің лауазымды адамдары арқылы шешіп беремін деп уәде еткен. Бұл үшін 8 млн теңге пара беру қажеттігін айтып сендірген», - делінген хабарламада. 

Танысының алаяқтық пиғылынан бейхабар жәбірленуші М. тексеруді тоқтату үшін пара беруге келіскен. Сол үшін танысы Г-ға 5 млн теңгені қолма-қол санап берген. Сотталушылар А. мен Г. қылмыстық іс-әрекетін жалғастырып, қалған 3 млн теңгені алу үшін тағы хабарласқан. Бұл жолы департаменттің лауазымды адамдары параның қалған бөлігін сұрап жатқандығын жалған айтқан. Осылайша қалған ақшаны қолма-қол алған. Келесі кезекте олар М-ға қатысты тексеруді тоқтатылатынын айтып, ақшаны тиісті адамдарға бергендігін жеткізген. Салдарынан адвокат пен әйелі алаяқтық жолмен қомақты ақшаны қалтаға басып, жәбірленушіге ірі мүліктік залал келтірген.

«Басты сот талқылауында жәбірленуші М. өзіне келтірілген мүліктік шығын қайтарылғанын атап өтті. Сотталушыларға кешірім беретінін, талап арыздан бас тартатынын айтты. Сондықтан қылмыстық істі қараусыз қалдыруды сұрайтынын, сотталушыларға жаза мәселесі жөнінде соттың құзырына қалдыратынын көрсеткен», - деп хабарлады соттан.

Сотталушылар ҚР Қылмыстық кодекснің 190-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен, ҚК-нің 28-бабы 4-бөлігі арқылы 367-бабы 3-бөлігі 1)-тармағымен кінәлі деп танылды. 

«Ал Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің талабына сай онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы сотты болғандардың әрқайсысы түпкілікті мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқарудан өмір бойына айырылды. Сондай-ақ оларға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеуге белгіленді», - делінген соттың мәлімдемесінде.

Серіктес жаңалықтары