$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.04.2020, 01:06
Қоғам

«Біз вирусты әдейі жұқтырмадық»: алматылық дәрігерлер Президентке үндеу жолдады

Бұған дейін ДСМ вирус жұқтырған медқызметкерлердің көбіне өтемақы берілмеуі мүмкін екенін айтқан

Коронавирус жұқтырған алматылық дәрігерлер Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрады. Медқызметкерлердің видеоүндеуі әлеуметтік желілерде жарияланды.

Коронавирус жұқтырған дәрігерлер қазір РВ-90 шағынауданындағы туберкулездерді емдейтін ауруханада жатыр. Олардың бәрі Алматыдағы орталық калалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері.

«Құрметті Президент мырза, Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сізге Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасының қызметкерлері жүгінуде. Біздің аурухананың қызметкерлері коронавирус инфекциясымен ауырғанын білесіз деп ойлаймыз. Біз осы аурудың ауырлығын бастан өткердік. Енді Денсаулық сақтау министрлігі БАҚ арқылы инфекцияны жұқтырған медқызметкерлердің өздерін кінәлі етуге тырысып жатыр, өйткені олар үшін осылай болғаны қолайлы. Мұның бәрі бізге өтемақы төлемеу үшін жасалды деп санаймыз», - делінген аталған хатта.

Дәрігерлер өз мәселелерін 7-ге бөліп жіктеген.

«Біз Сізге мына мәселелерді айтқымыз келеді:

  1. Біз вирусты ауруханада жұмыс кезінде жұқтырдық. Біздің аурухана көпсалалы, мұнда жедел медициналық көмек көрсетіледі, қабылдау бөліміне күніне 320-390 науқас қабылданады. Олардың арасында вирус жұқтырғандардың бар-жоғын бірден анықтау мүмкін емес.
  2. Біз вирусты науқастардан жұқтырдық, оған еш күмән жоқ. Өйткені барлығымыз бір уақытта ауырдық және аурудың белгілері де бірдей. Сонымен қатар, біз отбасымыздың мүшелеріне, оның ішінде жас сәбилер мен жүкті әйелдерге де жұқтырдық, олар да қазір емделуге мәжбүр. Көптеген отбасының әкелері үшін кішкентай балаларының қалай ауырып жатқанын және олардың қасында жатқанын көрген психологиялық соққы мен ауыр күйзеліс.
  3. Біз обаға қарсы костюмдерді өзіміз сатып алуға міндетті емеспіз. Бізге қорғаныш костюмдері тек 7 сәуірде ғана берілді.
  4. 11 сәуірде бізден алынған анализдің нәтижесі бізге әлі көрсетілген жоқ.
  5. Өкпе фиброзы, бауыр циррозы, бүйрек қызметінің бұзылуы секілді аурулардыңпайда болуына кім жауап береді? 
  6. Біз Денсаулық сақтау министрлігінің мақсатын түсінбейміз: бізге қолдау көрсетіп, осындай қиын жағдайда көмектесу ме, әлде коронавирусты өтемақы алу үшін әдейі жұқтырды деп өзімізді кінәлау ма? Ешқандай ақша біздің денсаулығымызға татымайды және ешбір медицина қызметкері пайда табу мақсатында өзіне әдейі жұқтырмайтынына Сізді сендіргіміз келеді. Бұл абсурд!
  7. Ұзақ жылдар бойы медицина саласына өміріміздің өмірімізді арнадық, енді біз биліктің өзімізге бұлай немқұрайлы қарауына лайық емеспіз. Медицина қызметкерлері қиын жағдайға тап болған осынау сәтте бізге көмек қолын созудың орнына, Денсаулық сақтау министрлігі бізді тығырыққа тіреді. 

Біз өтемақы алу мақсатын көздемейміз, бірақ біз әділдікке қол жеткізгіміз келеді, әрі денсаулықты қалпына келтіру мен еңбек ету қабілетін жоғалтқанымыз үшін шығынды кімнің төлейтінін білгіміз келеді», - делінген медқызметкерлердің Президентке жазған хатында.

Серіктес жаңалықтары