«Бір мұсылманның жоралғысы болуы мүмкін»: Шымкентте Құраннан дәріс өткен қыздарға тәж тағылды
Дәрісті аяқтағандарға Шымкент қаласы бас имамының атынан сертификат берілген
Шымкентте «Құран әліппесі» бойынша дәріс алған қыздардың басына тәж кигізу үшін мейрамханада «Құран-ғылымның тәжі» деген той өткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шарада бір топ хиджаб киген қыз-келіншек Құран оқып,араб тілін меңгеруінің деңгейін көрсеткен. Дәрісті тәмамдаған қыз-келіншектерге Құран кітабы сыйға тартылып, тәж кигізілген.
Сондай-ақ іс-шара барысында Ұмраға үш жолдама беріледі.
«Бүгін о дүниеде де, бұл дүниеде де бізге керемет септігін тигізетін іс-шара өтті. Балаларыңыз Құранды жатқа білетін салиқалы ұрпақтан болсын. Міне, менің басыма тәж кигізді», - дейді видеодағылар.
Дәрісті аяқтағандарға Шымкент қаласының бас имамының атынан сертификат берілген.
«Мұндай жоралғы исламда өткізіле ме?» деген сұраққа жауап табу үшін Azattyq Rýhy тілшісі дінтанушы Мұхитдин Патеевке хабарласып сұрады.
«Исламда қыздардың, балалардың басына тәж кигізу деген рәсім жоқ. Алайда ол ұнамды істер болуы мүмкін. Кейде шариғатқа сәйкес келмесе де, жасауға болады. Мысалы, студенттер университет бітірген кезде бастарына төртбұрышты қалпақ киіп шығады. Оны кезінде Андалусиядан алған дейді. Андалусияның ғалымдары белгілі бір ресми шаралар болған кезде қалпақты басына киіп, үстіне Құранды немесе кітапты қойып шығатын болған дейді. Оны христиандар мұсылмандардың кітабын алып қойғаннан кейін өздеріне бұрып алып жасаған дейді. Бұл да осындай бір мұсылманнан қалған жоралғылар болуы мүмкін. Бірақ әр елдің салты басқа демекші, шариғатқа теріс келмесе, ұнамды іс болса, тәж кигізуде тұрған ештеңе жоқ», - деді дінтанушы.
Ол мұндай іс-шара жастардың Құранды меңгеруіне ынталандыратын мотивациялық ишарат болуы да мүмкін деп отыр.
«Тәждің өзін патшаға кигізеді дегендей бар. Шариғатқа теріс болмаса, жасағаны дұрыс. Әсіресе, қыз балалардың Құран оқығаны, тәж кигізбей Ұмраға жолдама, айфон сыйлап жатады. Былай қарағанда мотивациялық, құлшынысын артттыруға бағытталған істер. Оны ресми енгізу қоғамның өз еркінде. Ислам оның барлығына шектеу қоймайды. Әркімнің салтына шариғат құрмет көрсетеді», - дейді Мұхитдин Паттев.