Алматыда соғыс ардагерлеріне 1 миллион теңгеден беріледі
Қалада 18 мыңнан астам адамға берілетін бір реттік төлемге 1,3 млрд теңге бөлінді
Алматыда 202 соғыс ардагері 1 миллион теңгеден алады. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген тағы 3 954 адамға 100 мың теңгеден беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның айтуынша, 1,3 миллиард теңге көлеміндегі бір реттік төлем 18 269 адамға беріледі.
«Ұлы Отан соғысында қайтыс болған әскери қызметшілердің қайта үйленбеген жесірлеріне 100 мың теңгеден (4 адам) беріледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істеген 14 104 адамға 50 мың теңгеден төленеді. Ауғанстандағы соғыс кезінде алған жарақаттар, ауру салдарынан қайтыс болған немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің ата-аналары мен жұбайларына 100 мың теңгеден (32 адам) төленеді» - деді Р. Шимашева.
Айта кету керек, биыл жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге байланысты Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне бір реттік төлем беруді тапсырған еді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы