«Жұмыстан заңсыз шығарып жіберді»: Алматыдағы кардиологиялық орталықтың басшысына наразы топ әділдік іздейді

Azattyq Rýhy

Қызметкерлердің сөзінше, бір жылда 300 адам кетуге мәжбүр болды

«Жұмыстан заңсыз шығарып жіберді»: Алматыдағы кардиологиялық орталықтың басшысына наразы топ әділдік іздейді
Фото: almaty.tv

Алматыдағы қалалық кардиологиялық орталықтың жаңа басшысына наразы топ бас қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Олар жаңа директор келгелі бастары даудан арылмағанын айтып, бір жылда 300 адам жұмыстан кетуге мәжбүр болды деп отыр. Түрлі сылтаумен қыспақ көрдік деген қызметкерлер Мәжіліс депутаттарынан да араша сұрады.

Зейнетке жетпей жұмыстан қуылып, еңбегіміз еш болды деген қызметкерлер әділдік сұрап жиналды. Олар онсызда айдан айға қарызданып жүргенде, мезгілсіз қызметтен қуылғандарын айтады. Сөздерінше, жаңа басшы келгелі себепсіз сылтау туып, жалақылары қысқара бастаған. Содан 43 адам қол қойып, халық қалаулыларынан да көмек сұрапты.

«Қазақстан көлемінде дәрігер жетіспейді. Соның ішінде біздің санитарлардың жұмысы өте ауыр, жалақысы төмен. Бұл кісілердің СУР деген базасы бар, сол жерден тексеруге болады. Сол СУР деген базадан 300-дей адамның жұмыстан кеткені белгілі», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау.

«Жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Өйткені қараша айында аға мейірбике еш себепсіз жұмысымды өткізуді талап етті. Зейнеткерлік жас дейді, менің жасым зейнетке таяп қалды. Бұл орталықта мен бірнеше жыл еңбек еттім», - деді Алматы қалалық кардиологиялық орталықтың бұрынғы қызметкері Сәуле Ынтымақова.

Қызметте қысым көрдік дегендердің саласы сан түрлі, бірі мейірбике, есепші болса, енді бірі еден жуушы екенін айтып қалды. Бірақ нақты қандай желеумен жұмыстан кеткенін білмейді. Бір білетініміз, басшылық еңбек кодексін ескермей жатып обал қылды дейді. Қазір азаматтардың біразы әлі жұмыссыз.

«Жұмысқа келіп жүргенде күнде ойлайтынмын, күнде екі үш адам жұмыстан шығып жатқанда маған да кезек келетінін сезіп жүрдім. Мені дәлізде көріп қалса, себепсіз тисетін. Ал менің жұмысым солай шаруашылық, әрі-бері көп жүруім керек», - дейді қалалық кардиологиялық орталықтың бұрынғы қызметкері Гүлдана Игенбаева.

«Қазан, қараша, желтоқсан айларында бізде 25-27 адам жұмыстан кетті. Олар өз еркімен келісімшартты бұзды, ешкім жұмыскерлерді мәжбүрлеген жоқ. Бұл кардиорталықта өзгерістерді ұсындық. Ол өзгерістерді қызметкерлердің біразы қабылдамады. Сол себепті өз еркімен жұмыстан кетті», - дейді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Роза Қуанышбекова.

Кардиологиялық орталық қазір озық технологиялық талаппен еңбек етеміз деп қалды. Тіпті бұрынғы басшылық құрам кезінде жұмыс сапасы мен алыс-беріс қарыздар көп екенін анықтадық деп сендірді. Оның үстіне жұмысына атүсті қарайтын, тіпті ішімдік ішіп ұсталған қызметкерлер де болғанын жасырмады. Директор осы секілді олқылықтарды жою үшін медицина қызметкерлерін сүзгіден өткізгенін айтты. Ал мекеме басшысы өзінің зейнет жасының өтіп кетуіне қатысты, тек функционалды қызметімді оң атқарып келемін деп қысқа қайырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.