Таразда Түркіменстан азаматтарына қызмет көрсеткен сұлулық салоны әшкереленді
ТЖ режимін бұзғандардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды
Тараздағы сұлулық салондарының бірінде істейтін 25 жастағы шебер төтенше жағдай режиміне қарамастан, жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркіменстандық бес азаматтың шашын қиюға шешім қабылдаған. Бұл туралы Жамбыл облысының Полиция департаменті хабарлады.
Бұл жағдайды полиция қызметкерлері жаяу патрульдеу кезінде анықтап, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін шаштараз иесіне, шеберге және бес азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.
«Қызмет көрсету кезінде шебер мен тұтынушы арасында жақын және ұзаққа созылатын байланыстың болуына байланысты карантин кезінде мұндай кәсіпорындардың қызметіне қатаң тыйым салынады. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері карантин режимін бұзғандарды анықтауды жалғастырып жатыр», - делінген хабарламада.
Жалпы, төтенше жағдай кезінде Жамбыл облысында барлығы 886 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Оларға 186 ескерту беріліп, 250 адамға 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 79 дерек бойынша әкімшілік қамауға алынды, ал қалған материалдар сотқа жіберілген.