«Birgemiz» қорынан 40 мың ҰОС ардагеріне көмек берілді – Байбек
800-ден астам ардагер мен 8 мың тыл еңбеккеріне азық-түлік себеттері мен жеке қорғаныс құралдары жеткізілді
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орыснбасары Бауыржан Байбек пандемия кезінде мұқтаж жандарға көмек көрсетудің екінші кезеңі қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтты.
Бауыржан Байбектің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзартуы – халықтың өмірі мен денсаулығының бәрінен қымбат екені ескеріле отырып қабылданған шешім.
«Президент осындай күрделі кезеңде ешкімнің назардан тыс қалмай, барша мұқтаж жандарға қолдау көрсетілетінін атап көрсетті. Мәселен, бүгінгі күнге дейін 4 миллионнан астам адам тікелей қаржылық көмек алып, 570 мыңдай адамға азық-түлік жиынтығы үлестірілген. Жалпы, азық-түлік себетімен 1,1 млн адам қамтылып, 1,6 млн адамның коммуналдық төлемдерінің мерзімі кейінге шегерілетін болады. Мемлекет басшысы осынау қысылтаяң шақта нұротандықтардың, белсенділер мен волонтерлардың атқарып жатқан жұмыстарын жоғары бағалады. Жасотандықтар 90 мың мұқтаж отбасыға азық-түлік жиынтығын, антисептик құралдарын жеткізіп берді. Бұған қоса, елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында 100 мың отбасы тегін маскалармен қамтамасыз етілді», - деді ол.
Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры 330 мың мұқтаж отбасыға 50 мың теңгеден біржолғы қаржылай көмек аударды. Бүгін-ертең тағы да 30 мыңнан астам отбасы осындай көмекпен қамтылады екен.
«Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Birgemiz» қорынан Ұлы Отан соғысының 40 мың қатысушысы мен мүгедегі, сондай-ақ тыл еңбеккерлері 50 мың теңгеден төлемақы алды. 800-ден астам ардагер мен 8 мың тыл еңбеккеріне азық-түлік себеттері мен жеке қорғаныс құралдары жеткізіліп берілді. Ардагерлерімізге қолдау көрсету жұмыстары әрі қарай да жалғаса береді», - деп жазды ол.
«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орыснбасары 24 сәуірде Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында айтылған маңызды дүниелерге тоқталды. Ол отырыста коронавирустан кейінгі кезеңде бизнеске, ең алдымен шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге күш сала отырып, экономиканы сауықтыру шараларын қолға алудың маңыздылығы айтылған еді.
«11 мамырға дейін экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Үкімет Мемлекеттік қолдау көрсетілетін компаниялардың тізімін жасауға кірісті. Президенттің тапсырмасы бойынша, бұған шын мәнінде маңызды және жүйе құраушы кәсіпорындар енуі тиіс. «Nur Otan» партиясы да осы жұмысқа атсалысуда. Біз, ең алдымен, шығаратын өнімінің құрамында қазақстандық үлесі жоғары және қызметкерлерінің саны көп өңдеуші сала кәсіпорындарына баса назар аударған жөн деп есептейміз. Бұл ретте кәсіпорындар үшін «қарапайым заттар экономикасы», импортқа тәуелділікті азайту аясында нақты нысаналы көрсеткіштер белгіленуі тиіс», - деді.
Бауыржан Байбек Президент тапсырмасының орындалуын «Nur Otan» партиясы бақылауына алатынын айтты.
«Президент мәлімдемесінде азық-түлік тауарларының жеткіліктілігі мен сапасына мониторинг жасаудың, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетті. Осыған байланысты «Nur Otan» партиясы өзінің өңірлік және аудандық филиалдарының жұмысын күшейтеді. Жалпы, азаматтар мен бизнесті қолдауға бағытталған қаражаттың көлемі 6 триллион теңгені құрады. Бұл қаражатты жұмсаудың тиімділігі мен ашықтығы «Nur Otan»-ның тұрақты қоғамдық бақылауында болады», - деп атап өтті.