ҰҚК Алматыда заңсыз есірткі сатқан топтың жолын кесті
Соңғы уақытта Алматыда есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 13 адам ұсталды
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратурамен бірлесіп қала аумағында синтетикалық есірткі заттарын өткізуге қатысы бар топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлайды.
«16 сәуірде ҰҚКД қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын іске асыру барысында 300 грамм мөлшерінде синтетикалық есірткі өткізу кезінде Алматы қаласының С. деген тұрғынын ұстады. Осы факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақшаларына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған адам тергеу изоляторына қамалды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», - делінген хабарламада.
Соңғы кездері Алматы қаласының аумағында синтетикалық түрдегі есірткіні жасырын қолдан жасау және өткізу фактілері көбейген.
«Соңғы уақыт ішінде ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті заңсыз айналымға түскен синтетикалық есірткі құралдарына қатысты 16 фактінің жолын кесті, заңсыз айналымнан 9 келіден астам психотроптық зат пен 986 литр химиялық қоспа алды. Үш жасырын зертхананың әрекеті тоқтатылды. Есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 13 адам ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - делінген ҰҚК ақпарында.