Елордалық полицейлер велосипед ұрысын құрықтады

Azattyq Rýhy

Сондай-ақ ер адамның осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бары анықталды

Елордалық полицейлер велосипед ұрысын құрықтады
Фото: Polisia.kz

Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері велосипед ұрлады деген күдікпен 45 жастағы қала тұрғынын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy

«Тергеу барысында ер адамның кешкі уақытта оң жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің біріне келгені белгілі болды. Ол үйдің кіреберісінде қауіпсіздік құлпымен бекітілменген велосипедті байқайды. Жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, қаскүнем құны 300 мың теңге тұратын «Trinx» маркалы велосипедті алып кеткен. Ұрланған екі дөңгелекті көлікті кездейсоқ адамға сатып жіберген», - делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, сондай-ақ ер адамның осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бары анықталды.

Астана қаласының Полиция департаменті велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, ұрлыққа қарсы қауіпсіздік құлыптарын пайдалануға кеңес береді. Тұрақ ретінде бейнебақылау камераларының көру аймағында жақсы көрінетін жерлерге артықшылық беріңіз.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.