«Қарызсыз қоғам» қанша қазақты қарыздан құтқарды

Azattyq Rýhy

Басталғанына көп болмаған жоба халық арасында үлкен сұранысқа ие болған

«Қарызсыз қоғам» қанша қазақты қарыздан құтқарды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Былтырдан басталған халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында іске асқан «Қарызсыз қоғам» жобасы бүгінде өз жемісін беріп келеді. Жобаны «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге іске асырған болатын. Алғашында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған тегін оқу шаралары еліміздегі ауылдық елді мекендердің 80 мыңға жуық тұрғынын қамтып, 8 өңір: Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының халқын қамтыды. Қазіргі күні «Қарызсыз қоғам» жобасы қанша адамға өз пайдасын тигізіп үлгерді, қарызға батқан қанша адамды құтқарды деген сұрақтарға Azattyq Rýhy тілшісі жауап іздеп көрді.

Былтыр мамырда жобаға қатысушыларды өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйрету үшін 100 тренер аудиториямен жұмыс істеу бойынша тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру және біліктілікті арттыру курстарын аяқтап, жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті.

Оқу шаралары басталғаннан кейін 20 күнге жуық уақытта елдің 8 аймағында 6 120 адам қаржылық сауатын арттыру курсынан өтіп үлгерді. «Ұлы дала» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, курстан өтуге несиесі бойынша қарызы бар, кәсіпті енді бастаған кәсіпкерлер және көпбалалы, үй шаруасымен айналысатын әйелдер келген.

«Оқытулар Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылды. Курстардан өткендердің 81,5% – ы әйелдер, 18,5% – ы ер адамдар. Кәсіптер бөлінісінде жобаға қатысушылардың 17,3% – бюджет саласының қызметкерлері, 13,6% - кәсіпкерлер, 48,2% – әлеуметтік жәрдемақы алушылар, 15,3% – жұмыссыздар, 5,6% – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Оқытуға әртүрлі әлеуметтік деңгейдегі азаматтар келіп қатысады. Бұл қаржылық сауаттылық пен еркіндік тікелей адамның табысына байланысты емес екенін көрсетеді. Біз осы оқыту барысында қатысушыларға млн теңге тауып, қарызға батқандар да бар екенін, аз жалақымен ақша жинап, үй алып жатқандардың да бар екенін көрсетіп, түсіндіріп жатырмыз», - деді Бекмұрзаева сол кезде.

Қаржылық сауаттылығын арттыру, несие қарызынан құтылып, тұрмысын түзеу мақсатында «Қарызсыз қоғам» бағдарламасына қатысушылар жер-жерден арта бастады. «Қарызсыз қоғам» жобасының өкілдерінің сөзінше, қарызын уақтылы төлей алмағандар осы бағдарламаның арқасында қаржылық мәселелерді қалай шешуге болатынын үйренді.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала кентінің 59 жастағы тұрғыны жобаға қатысты. Ол еден жуушы болып жұмыс істейді, жалақысы – 70 мың теңге. Өз баспанасы болмағандықтан жалға алған үйі үшін 30 мың теңге төлейді. Оның үстіне, ай сайын банкке  төлейтін 71 мың теңге берешегі тағы бар. Ал банк карточкалар бұғатталған. Дегенмен, ол сиыр сауып, ауылдастарына сүт сатады. Соның арқасында аз да болса, қосымша табыс табады.

Ол «Қарызсыз қоғам» бағдарламасына қатысып, мамандардан кеңес алуға шешім қабылдайды. Сүт сатудан түсетін табысын есептегенде 45 мың теңге шықты. Бұл оның үйді жалға алу ақысын жабуға жеткілікті. Оқу барысында оған сүт қана емес, май және құрт сияқты өнімдер жасап сатуға кеңес берілді. Соның барлығын есептегенде, тренерлер оның таза пайдасы шамамен 120 мың теңгеге жетеді деп отыр. Сабақ барысында банкке оның шоттарынан бұғатты алып тастау туралы хат жіберілді. Тренерлер бағдарлама аяқталғанға дейін онымен бірге жүріп, банкке жолданған сұрауды түпкілікті шешуге көмектеседі.

«Қарызсыз қоғам» жобасының 2023 жылғы түлегі Асылтас Қуатбаева кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік гранттар туралы жобаға қатысқаннан кейін білгенін айтады.

Маңғыстаулық әйел ауыл мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Бірақ өзінің елге берері бар, пайдалы кәсіп ашу деген арманы болғанын айтады. Сол арманына қадам жасап, 4 жыл бұрын қолдан шұжық дайындау оқуын оқып алады. Бірақ іске асыратын оңтайлы сәтті таппаған.  

«Жобаны «AMANAT» партиясының әлеуметтік желідегі парақшасынан көріп, қатыстым. Сол кездері жұбайым да жұмыстан шығып жатқан еді. Мемлекеттен кәсіпті қолдау бағытында көптеген бағдарламалар бар екенін түсіндік. Сол орайда Маңғыстау облысында 2020-2025 жылдарға арналған жол картасы бағдарламасы аясында қайтарымсыз 5 миллион теңге грант беріліп жатыр екен. Бағымызды сынап көрейік деп, қаржы сарапшысынан кеңес алып, өзіміздің бизнес жобамызды жазып өткіздік. Сәттілік серік болып, 5 миллион теңгені ұтып алдық. Соның нәтижесін бүгін көріп отырмыз. Қазір шағын кәсібімізді бар»,- деді Асылзат Қуатбаева.

Қазір Асылзат жұбайымен бірге ауылда шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Олар аптасына 50 келі  шұжық жасап, сатады. Тұтынушылары - ауыл-аймақ пен қала тұрғындары. Бірақ дүкендерге өткізуге арнайы сертификаты жоқ. Асылзат кәсібін үлкейтіп, Қазақстанның түпкір-түпкірі мен жақын шетелдерге өнімін шығаруды мақсат тұтқан.

Міне осындай мысалдар көп-ақ, бұл жобаны әрі қарай жалғастыруға себеп болды.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасының жемісті орындалып келе жатқанын ескеріп, шараның ауқымын кеңейтуге тапсырма берді.

«Еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», - деді Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауында.

Осыдан кейін «Қарызсыз қоғам» жобасының аясын кеңейту мәселесі талқыланды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов  Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын қолдағанын айтып,  «AMANAT» осы жобаны Үкіметпен бірге бүкіл ел аумағында кеңейтіп, сапалы іске асырумен айналысатынын мәлім етті.

«Өнеркәсіптік саясат, сауда, кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бүгінгі таңда салық және бюджет заңнамасы партия алаңдарында қызу талқыланып жатыр. Ғылым мен инновация, цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту саласында қосымша реттеуші құралдарды әзірлеу қажет. Президенттің бастамаларын заңнамалық қолдау – біздің фракцияның Мәжілістегі міндеті», - деді партия Төрағасы.

Мәжіліс төрғасы Ерлан Қошанов елімізде 7,5 млн адамның, яғни халықтың үштен бір бөлігінің банкте қарызы барын еске салды. Шамамен 1,5 миллион азамат несиесін 90 немесе одан да көп күнге кешіктіріп төлеуде және банкроттық күй кешуде.

«Ондай адамдар қайда барып, кімнен көмек сұрайтынын да білмейді. Айналып келгенде, барлығы  қаржылық сауатсыздыққа келіп тіреледі. Сондықтан «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алып отыр. Екі айда еліміздің бірқатар өңірінде 20 мыңнан астам адам оқытылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 80 мыңға жеткізіледі. Тренерлер халыққа қаржыны дұрыс игеруді, отбасылық бюджетті жоспарлауды, несиені дұрыс алуды үйретеді», – деді Мәжіліс төрағасы.

Биыл жобаның сәтті шығуына байланысты және қызығушылық білдіруші тұрғындардың көптігіне орай «Қарызсыз қоғам» екінші кезеңге аяқ басты. Биыл жоба жаңа тыныс алды және проблемалық борышкерлерді де оңалту бағдарламасы қолға алынды.

«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның сөзінше, бүгінде жоба аясында 115 мың адам курстан өтіп, қаржы сауатын арттырды. «Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл – 49 мың адам білім алды. Бұл үлкен көрсеткіш. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды. Бұл ретте, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілді. Сондай-ақ, қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Ең бастысы – жоба қатысушыларының санасы түбегейлі өзгерді. Тығырыққа тіреліп, шығар жол жоқ деп ойлаған борышкерлердің қарызы қайта қаралып, үміт сәулесі пайда болды.

«Қаражатты дұрыс жоспарлау, дұрыс басқару тәсілдері болмаса, адам қанша табыс тапса да, жеткізе алмайды. Мәселен ауылдағы ең табысы жоғары мамандар – мұғалімдер. Олар 300 мың, 400 мың, 500 мың теңге жалақы алса да, несиеден көз ашпайды. Тура осы қаражатты жұмыссыз отырған, көпбалалы аналар бәріне жеткізіп, қарызсыз өмір сүрер едім деп армандайды. Мәселе табыс көлемінде емес, ойлау жүйесінде екенін түсініп, қатысушыларды тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттап жатырмыз. Ауыл тұрғындары күнделікті газдалған сусын, чипсы алса, қала тұрғындары – кофе мен десертке ақша жұмсайды. Мұның бәрін үнемдеп, ақшаны тиімді жұмсауға болады. Әрине, 10 облысты қамтыған су тасқыны жағдайы біздің жұмысымызға да әсер етті. Батыс Қазақстан облысында жағдай қиындап, оқуды тоқтатуға мәжбүр болдық. Қалған аймақтар қалыпты режимде жұмыс істеуде. ТЖ кезеңінде несие борышкерлеріне көмек көрсететін заңгерлер мен қаржы сарапшыларының жұмысын күшейттік. Тіпті біздің жобаға қатыспағандар да көмекке жүгіне алды. Көбісінің құжаттары жоғалған, қалпына келтіру үшін не істерін білмеді. Біз ЭЦҚ, анықтама, несие шартының көшірмесін алу, тіпті несиені кейінге қалдыру туралы өтініш беруде де жәрдем еттік», - деді ол.

Бір жыл ішінде тек әл-ауқатын көтеру мақсатында қаржылық сауатын арттырған азаматтардан бөлек, жобаны қолдайтын банктер саны да артқан.

«Кез келген банк өз бизнесінің ұзақ мерзімді дамуы туралы стратегиялық тұрғыдан ойласа, несиелік қарыздарды уақытында қайтаратын, қаржылық білімі бар, сауатты халық қажет екенін түсінеді. Расында да банктің әлеуметтік жобаларға қатысуы үлкен рөл атқарады. Егер қоғамның қаржылық сауаты өте төмен болса және бұл экономикаға теріс әсер етсе, банктер де мұның қандай ықпал тигізетінін түсінеді. Сондықтан, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты», - деді жоба жетекшісі.

«Қарызсыз қоғам» – елдегі барлық ірі банктерді біріктірген алғашқы жоба. Еліміздің барлық ірі банктері – Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды. Президент өз Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған еді. Әзірге Үкімет 2026 жылға дейінгі үш жылға арналған Жол картасын бекітті.

Сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасының жалғасы ретінде борышкерлердің табысын арттыру мен проблемалы кредиттерден арылтуды мақсат етіліп отыр.

Бұл үшін Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» орталығы пилот ретінде ашылмақ. Онда адамдар ауылшаруашылық дағдыларын үйреніп, керекті құрал-жабдықтарды алып, нарықта сұранысы бар өнімдер шығарады. Табысының бір бөлігі проблемалық несиені жабуға жұмсалып, өмірлік дағды мен кәсіпті игереді. Жамбылдан кейін халық тығыз орналасқан Түркістан облысы жоспарда тұр. Бұл да банктердің қаржылай қолдауымен іске асқан игі шараға айналды.

Басталғанына көп болмаған жоба халық арасында үлкен сұранысқа ие болған. Қазіргі күні бастаманың шарапатын көргендер аз емес. Өткен жылы жоба аясында сарапшылар 30 мыңнан астам заңдық кеңес берді. Нотариустардың 3 мыңнан астам орындаушылық құжаттарының күші жойылып, жеке сот орындаушыларының шектеулері алынып тасталды.

Берешекті реттеу және  несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша 14 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Заңдық-қаржылық көмектің арқасында 5 мыңнан астам адам банктерде жинақтаушы депозиттер ашқан.

Сонымен бірге, «Қарызсыз қоғам» жобасының шеңберінде еліміздегі мектептерде оқушыларды ерте жастан қаржылық сауаттылыққа үйрететін кітаптардың, ұстаздардың жетіспейтіні анықталды. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрылды. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибесін алуға арнайы барады және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.