ҰБТ-да төртінші тоқсанға қатысты сұрақтар жоқ – Аймағамбетов
Министр ҰБТ форматы мен уақыты өзгермейтінін айтты
Биыл ҰБТ-да 99% төртінші тоқсанға қатысты сұрақтар жоқ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Министр елімізде ҰБТ кесте бойынша жыл сайын маусым айының соңы мен шілде айының басында өтетінін айтты.
«ҰБТ-ға дайындалу үшін уақыт жеткілікті екенін көріп отырсыздар. Маусым айының соңында жағдай өзгереді деп ойлаймыз. ҰБТ-ны дәстүрлі түрде өткіземіз деп үміттенеміз. Біріншіден, ҰБТ өтеді. Екіншіден, оның форматы өзгермейді. Үшіншіден, өту уақыты да өзгермейді», - деді министр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, ҰБТ-ның қағаз және электронды нұсқасы дайындалған.
«Пандемия жағдайы жақсармаса, екінші нұсқаны қолданамыз. Біз 11-сыныптар үшін қорытынды аттестацияны алып тастадық. Бұл ҰБТ-ға жақсырақ дайындалуға мүмкіндік береді. Биыл тест сұрақтары ішінде 99% төртінші тоқсанға қатысты сұрақтар жоқ», - деді министр.