Алтынның құны: Бестөбе кенішінде адамдар не себепті және қалай қаза тауып жатыр

Azattyq Rýhy

Алтын шығатын кен орны Астанадан бірнеше сағаттық жерде орналасқан 

Алтынның құны: Бестөбе кенішінде адамдар не себепті және қалай қаза тауып жатыр
Фото: NUR.KZ

Бестөбе ауылындағы кеніштен алтын ұрлау қалыпты жағдайға айналып кеткен. Жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар жылдар бойы көз жұма қараған мәселе материалдық шығынның төңірегінде ғана емес, адам шығынына да ұласып кеткен, деп жазады Azattyq Ruhy NUR.KZ материалына сілтеме жасай отырып.

Бестөбе қойнауындағы алтын жылдар бойы заңсыз кеншілерге «маза» бермей келеді. Адамдар шахтаға заңсыз кіргені үшін жазаланатынын, денсаулығы мен өміріне қауіп төнетінін ойламай, жер астына түседі. Ал, кеніштен алтын рудасын өндіретін көлеңкелі жұмысшылар алып шығатын дүниесінің бағасы сол тәуекелге тұрарлық дейді: өйткені, «қара базардағы» алтынның бір грамы былтырғы деректерге сүйенсек, 20-25 мың теңге аралығында сатылады. Заңсыз жұмыс істейтін әрбір кеншінің жерасты «вахтасы» алты айға дейін созылуы мүмкін екенін ескерсек, олардың «пайдасының» көлемін елестету қиын емес. Айта кету керек, «қара» кеншілер өз әрекетін тіпті шахтаның төменгі бөлігі  суға толып кетсе де,  шахта жұмысы тоқтап қалса да қойған емес. «Қара кеншілер» нысаннан шығу туралы құлақтандыруды да елемей, заңсыз әрекетін жалғастырды. Олардың кейбіреуі сол жерде қалып, өмірі қиылды. Мәселен 2022 жылы 4, 2023 жылы тағы 4 мәйіт табылған. Биыл тағы бір заңсыз жұмыс істеген адам қаза тапты. Олардың арасында шетелдіктер де бар.

Мәселен былтыр қаңтар айында Бестөбе ауылындағы кеніште орналасқан «Центральная» шахтасының тоқтап тұрған 475-көкжиегінде Өзбекстанның 41 жастағы азаматының денесі табылған болатын. Ақмола облыстық полиция департаментінің ақпаратына қарағанда, оны екі «қара» кенші тауып алған. Өлімнің алдын ала себебі – бас-ми жарақаты.

Бірнеше күннен кейін «Центральная» шахтасаның жүріс бөлімінде екі адамның денесі салынған қаптарды жер бетіне шығармақ болған Бестөбе тұрғыны құтқарылды. Куәгердің айтуынша, қара кеншілерді шахтаның 520-шы көкжиегінде тас басып қалған. Олардың бірі 36 жастағы жергілікті тұрғын болса, екіншісі Есіл қаласының 35 жастағы тұрғыны болып шықты.

Былтыр дәл осы 520-көкжиекте 30 жастағы тағы бір ер адам құрбан болды. Белгілі болғаны – ол кеннің опырылуы салдарынан ауыр жарақат алып, мерт болған. Оны жер бетіне үш заңсыз кенші алып шыққан.

Бестөбе полициясының мәліметінше, биыл шахта аумағында тағы бір адамның денесі табылған. Кенішке иелік ететін «Қазақалтын» ЖШС-нің қауіпсіздік қызметі өкілдері марқұмның Украина азаматы екенін хабарлады. Өлім себебі нақтыланған жоқ.

Компания мәліметінше, «қара» кеншілер қайтыс болған серіктерінің денелерін қаптарға салып, шахтаның жиегіне қойып кететін жағдайлар кездеседі. Олар әлгі қаптарды шахта жұмысшылары  жер бетіне көтеріп алып шығады деп сенеді.

«Олар жоғарыға өздері қоңырау шалып: «Мына жерде өлген адам жатыр, алып кетіңіздер», - дейді де, кетіп қалады. Шахтада әлі де адамдардың денесі қалған болуы мүмкін, біз нақты білмейміз - ешкім есеп жүргізбейді. Бәлкім біреуі кептеліп қалған шығар - бұрын жұмыс істеген блоктар бар, олардан өту және мәйітті алу физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Қалай болғанда да адамдар шахта рұқсатсыз кіруге тыйым салынған қауіпті өндірістік нысан екенін түсінуі керек. Бұдан өзге, заңсыз жұмыс істейтін кеншілер жерүстінде жарылыс жасайтыны жағдайды одан сайын қиындатып отыр. Олар жарылғыш заттарды қайдан алады, оны шахтадан басқа жерде пайдаланбайтынына кім кепіл деген үлкен мәселе туындайды», - дейді Бестөбе кенішінің басшысы Қанат Аманов.

Шахтадағы адам өлімі тек жазатайым оқиғалардың салдарынан болмауы мүмкін деген де пікір бар. Еске сала кетейік, бұған дейін желіде кеншілердің өлімі қылмысқа байланысты болуы мүмкін деген әлдекімнің мәлімдемесі жазылған видео пайда болған еді.

«Біз шахталардан адам денесін тауып тұрамыз, олады ешкімге айтпай шығарады. Ресми нұсқаға сүйенсек, оларды тас басып қалады немесе су астында қалады, бейресми нұсқа бойынша – аумақты бөліске салуда келіспей, кісі өлтіруге барған болуы мүмкін», - деп болжаған еді ер адам.

Алайда жергілікті полиция өкілдері бұл болжамды жоққа шығарады.

«Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, адамдар көп жағдайда жартастың опырылуынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан қаза табады, өйткені көбінің тәжірибесі мен дағдысы жоқ. Үлкен тәуекелге барғанын бәрі түсінсе де, тағдырын сынайды», - деп түсіндірді Бестөбе полициясының бастығы Нұрбек Сұлтанғазиев.

Ауыл әкімі Сырым Қабай – бұрынғы кенші. Мансабын 2006 жылы қарапайым кенші болып бастап, шахта бастығына дейін көтерілді. Оның айтуынша, «қара» кеншілердің арасында оның бұрынғы әріптестері де болған. Олардың екеуі 2021 жылы қайтыс болған.

«Көп адам шахтадан заңсыз пайда табумен айналысады, бірақ бәрі бірдей ол жерден аман-есен оралмайды. Кем дегенде денсаулығынан айырылады, ал көп жағдайда өмірі қиылады . Мен өзім бірнеше жыл бойы шахтер болғанда қол астымдағы екі әріптесімді жерлеген кезім болды. Өкінішке қарай, адамдар қауіп туралы емес, мұндай әрекет оларға қанша ақша ойлайды. Бұл ретте әр адамның өлімі бізге ауыр тиеді, өйткені заңсыз кеншілердің көпшілігі жастар», - дейді әкім.

Алайда әкімге мәселені түбегейлі жоюға болатын шешім айту қиын. Әдетте ұрлық жасап ұсталған кеншілердің көпшілігі ескерту немесе айыппұлмен жазаланады («Күзетілетін объектілерге заңсыз кіру» ҚР ӘҚБтК-нің 506-бабы).

Жыл басынан бері ауылда 400-ден астам заңсыз кенші ұсталды, бұл былтырға көрсеткіштен екі еседей көп. Тұрғындардың өзі алтынның соңынан жер астына заңсыз түсетіндерге немқұрайлы қарайды – олардың бұған еті үйреніп қалған. Алайда шахтадан ара-тұра адам денесінің табылып жататынын бейжай қабылдау мүмкін емес.

«Ауылда екі отбасының бірі заңсыз кен өндірумен байланысы бар деп ойлаймын, біреудің туысы, біреудің көршісі, біреудің баласы дегендей. Барлығы да бір күні сонда өліп қаламын-ау деп ойламайды, бұл – үлкен лотерея. Әрине, қорқынышты, адамдар оңай ақша табу үшін не істемейді дейсің», - деп шағымданады зейнеткер Нина К.

«Біреудің бауыры, тағы бірінің құдасы (шахтаға -ред.) түсіпті дегенді жиі естимін. Кейде сондай кісілерді жоқтауға барамыз. Бұл бізді қынжылтпай қоймайды, өйткені көбіне жастар кетіп жатыр. Адам қаласа адал еңбекпен ақша табуына болады, ол ақша сенің өміріңді жалмаған алтынға тұрарлық па?», - дейді жергілікті тұрғын Айгүл Б.

Қалай десек те, елордадан небәрі үш-ақ сағаттық жерде орналасқан Бестөбедегі алаңдатарлық жағдайға жоғары жақтағылар назар аудармайынша, кен өндірудің көлеңкелі жолының салдары ерте ме, кеш пе, бұдан да ауыр дәрежеге жетуі мүмкін.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.