Қазақстанда жыл сайын адам саудасымен байланысты 150-ге жуық қылмыс жасалады
Адам саудасының құрбандарына дербес деректерін құпия сақтау құқығы беріледі
Парламент Сенаты «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аталған заң адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимылдың ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін айқындауды, сондай-ақ адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы субъектілерді, олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуді, анықтамаларды халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруді көздейді.
Сенат депутаты Қайрат Тастекеевтің айтуынша, адам саудасы проблемалары әлемнің барлық еліне тән.
«Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша елімізде жыл сайын адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыс тіркеледі. Ұйымдасқан топтардың, оның ішінде адам саудасының құрбандарын жалдаумен және қанаумен айналысатын трансұлттық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолы кесіледі. Бүгінгі таңда адам саудасының алдын алу және оның жолын кесу, сондай-ақ жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды, адам саудасына қарсы бірыңғай іс-қимыл жүйесін айқындайтын, онымен күресудің тиімді тетіктерін көздейтін дербес заңның және жауапкершілікті күшейтетін ілеспе заңдардың қажеттілігі туындады», - деді депутат сенаттың жалпы отырысында.
Заңның ережелері қолданылатын адамдардың, оның ішінде осал жағдайда бола отырып, материалдық, психологиялық немесе өзге де тәуелділік салдарынан қанау объектісіне айналуы мүмкін адам саудасының ықтимал құрбандары деп танылған адамдардың шеңбері айқындалады.
Профилактика мақсатында адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қауіп-қатерлерді бағалау тетігі және алдын алудың мақсатты шаралары енгізіледі.
Адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адамға көмек көрсету оның келісімімен ғана басталады. Мәселен, адам саудасының құрбаны ретінде сәйкестендірілген адам құқықтары мен міндеттері, қорғалуы және оған көрсетілетін әлеуметтік көмек туралы ақпарат алуға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы. Адам саудасы құрбандарына олардың дербес деректерінің құпиялылығын сақтау құқығы беріледі.
Заңда кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау және олардың заңды мүдделері мен пікірлерін ескере отырып, оларға көмек көрсету жөніндегі шаралар да қарастырылған.
Бұдан басқа, шетелде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ еліміздің аумағында адам саудасының құрбандары болған шетелдіктерді отанына қайтаруға жәрдемдесу туралы нормалар бар.