Жарты жылда 1600 қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінген: арыз-шағымдар не туралы

Конституциялық сот азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысы бар заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексереді

Жарты жылда 1600 қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінген: арыз-шағымдар не туралы
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Конституциялық сот Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде және құқықтық тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Конституциялық соттың негізгі функцияларының бірі -конституциялық бақылау. Конституциялық сот заңдар мен басқа да нормативтік актілердің Қазақстан Конституциясына сәйкестігін тексереді. Мұндай бақылау конституциялық емес актілердің қабылдануына жол бермейді, ал бұл Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды аспектісі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылы 1 қаңтарда бастады. Бұл орган азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына қатысты істерді қарайды, құқықтық нормаларды біркелкі түсінуді және қолдануды қамтамасыз ету үшін Конституцияның ережелерін түсіндіреді.

Былтыр конституциялық бақылау органына 5293 адам жүгінсе, биыл бес айдың ішінде 1600-ден астам адам жүгінген. Өңірлер арасында ең көп өтініш Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақмола, Қарағанды облыстарының тұрғындарынан келіп түсті. Орта есеппен алғанда Контитуциялық сотқа ай сайын шамамен 300-350 азамат жүгінеді.

Өтініштердің едәуір бөлігі (39%) сот шешімімен, құқық қорғау және атқарушылық органдардың іс-әрекетімен келіспеуге қатысты. Сонымен қатар, әлеуметтік жағдай, еңбек қатынастарындағы даулар, сот актілерінің орындалмауы, ақпаратқа қол жеткізу мәселелері, заңнама нормаларын түсіндіру және тағы басқа мәселелермен жүгінеді. Алайда мұндай мәселелерді қарау Конституциялық соттың құзыретіне жатпайды. Осыған орай Конституциялық сот аппараты аталған өтініштерді қайтаруға мәжбүр.

«Конституциялық сот тек қана құқық мәселелерін шешетінін және нақты мән-жайларға баға бермейтінін айта кету қажет. Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысы бар заңдардың немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексереді. Талдау көрсетіп отырғандай, өтініштердің жалпы санының 27 пайызында ғана азаматтар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің конституциялығын тексеруді сұраған. Заң талабына сай рәсімделген өтініштер Конституциялық сотқа негізінен қарау үшін ұсынылады», - деп түсіндірді Конституциялық соттағылар.

Конституциялық сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету – конституциялық заңдылықты қалпына келтірудің және адам құқықтарын қорғаудың кепілі.

Ата заңға сәйкестікті тексеру қорытындысы бойынша 45 қорытынды шешімнің 8 шешімінде Конституциялық сот судьялары құқықтық нормалардың Конституцияға қайшы келетіні туралы қорытындыға келді, ал 13 жағдайда Конституцияға сәйкес түсініктеме берілді.

Конституциялық соттың қабылданған қорытынды шешімдерін іске асыру мақсатында прокуратура органдары 15 мыңнан астам қылмыстық және 4,5 мың азаматтық істі тексеріп, сотталғандардың 3 мың шағымы мен өтінішін, сондай-ақ сотқа дейінгі іс жүргізуде бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың материалды зерделеді. Тексеру нәтижелері бойынша 26 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, оның ішінде Конституциялық соттың шешімдерін орындау бойынша уақтылы шаралар қолданбаған мемлекеттік органдарға 13 қадағалау және ден қою актісі енгізілді.

Конституциялық соттың заңда көзделмеген жағдайларда зейнетақы төлеуді тоқтатуға жол бермеу туралы нормативтік қаулысы негізінде  Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам 5 азаматтың зейнетақы құқықтары қалпына келтірілді.

Конституциялық соттың қорытынды шешімдері негізінде прокуратура органдарымен 46 іс тексеріліп, 3 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Олардың екеуіне қатысты бұрын әкімшілік іс қозғалған еді және бір азамат жұмысқа қайта алынды.

Конституциялық соттың № 6 қорытынды шешімін орындау үшін Парламент депутаттары Қылмыстық-атқару кодексінің 141-бабын Конституцияға сәйкес келтірді, сондай-ақ прокурорлар 42 сотталушының өз жақындарымен әлеуметтік байланыстарды сақтауға құқығын қалпына келтірді.

Сондай-ақ Конституциялық сот өзінің №29-НҚ қорытынды шешімінде заң көмегін алу құқығын шектеу бөлігінде Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабы 1-бөлігінің ережесін конституциялық емес деп таныды. Адвокаттың шағымы негіз болған Конституциялық соттың қорытынды шешімінің жергілікті жерлерде орындалуын прокурорлық тексеру қорытындысы бойынша Ақмола облысында заңсыз сот актісінің күші жойылды.

2023 жылғы 1 маусымда Конституциялық сот азаматтардың бала асырап алу туралы сотқа өтініш беру кезінде молекулярлық-генетикалық сараптама қорытындысын оңайлатылған тәртіппен ұсыну міндеттілігі туралы талапты конституциялық емес деп таныды.

Жергілікті жерлерде прокурорлар жүргізген талдау соттардың Конституциялық соттың қорытындыларын сақтамау фактілері орын алатынын көрсетті. Сараптамалардың болмауына байланысты өтініштерді қайтарудың 5 фактісі анықталған, барлық жағдай бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.