Елімізде 164 мың адам өз еркімен 42 500 теңгені қайтарып берді
4 192 234 адамға 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем тағайындалған
Қазақстанда 164 мың адам 42 500 теңгелік әлеуметтік төлемді қайтарып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елімізде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 192 234 қазақстандыққа 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем тағайындалған болатын. 4 054 417 адамға қазірдің өзінде ол ақша аударылып қойды. 164 730 адам өз еркімен 42 500 теңгені қайтарып берді», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қоғаммен байланыс департаментінің басшысы Мұрат Жұманбай.
Айта кетсек, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 4,1 миллионнан астам адамға әлеуметтік төлем тағайындалғаны хабарланған болатын. 23 сәуірдегі жағдай бойынша «42 500 теңге» төлемге 8 млн 21 мың адам өтініш берген. Келіп түскен 3 млн 585 мың өтінім бойынша 42 500 теңге тағайындаудан бас тартылды, себебі олар ТЖ кезінде табыстың жоғалуына байланысты МӘСҚ-дан әлеуметтік төлемді тағайындау қағидаларына сәйкестігін тексеруден өтпеген.