Көлік саласындағы цифрлық технология - Қазақстандық IT компания үздік шешім ұсынды
Қазақстандық компания «Интеллектуалды трафик басқарудағы ең үздік шешім» марапатын жеңіп алды

Көлік жүйесі бойынша үздік IT шешім ұсынған қазақстандық компания халықаралық конкурста алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстандық Sergek Group Ұлыбританиялық мобильді және цифрлық технология саласындағы жетекші сараптамалық компания «Juniper Research-тің» ұйымдастырған халықаралық байқауында «Интеллектуалды трафик басқарудағы ең үздік шешім» (Best Smart Traffic Management Solution) атты номинация бойынша алтын жүлдегері атанды.
«Номинацияға біздің Қазақстандық жобалар, соның ішінде көлік ағындарын модельдеуге және оларды барынша тиімді басқаруға мүмкіндік беретін, қалаларды жоспарлау жұмыстарын жеңілдететін және сәулет, қала құрылысы басқармаларына яғни қалаларды дамыту жөнінде стратегиялық шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін зияткерлік көлік жүйесі ұсынылды», - дейді Sergek Group өкілі.
Future Digital Awards сыйлығының негізгі мақсаты «жеңіс» атмосферасын құра отырып, өз салаларында жетістікке жеткен компанияларды анықтау және тану. Сонымен қатар болашақта таланттарды тарту және олардың тұрақтылығын қамтамасыз ету.
«Бұл халықаралық марапат біздің осы салаға қосқан үлесіміздің маңызын мойындайды. Біздің жоба жоғары деңгейде бағаланды деп есептейміз және бүгінгі урбанизация дәуірінде бізге, жалпы Қазақстанға жұртшылықтың күнделікті қозғалысы барынша ыңғалы болуы үшін инновациялық шешім қажет. Осы орайда бізде бар тәжірибе арқылы қала тұрғындарының өмірін жақсартатын цифрлық шешімдерді ұсына аламыз, сәйкесінше осындай халықаралық институттың біздің идеяларымызды байқап, бағалағанына өте қуаныштымыз», - деді қазақстандық компанияның өкілі.
Аталған марапат өнімнің инновациялық шешімдері, оның сипаттамасы мен артықшылықтары, серіктестік қарым-қатынастары, сертификаттары мен халықаралық талаптарға сәйкестігі, сондай-ақ бизнесті дамыту перспективалары сияқты критерийлер ескерген. Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы IT компаниясының жыл сайынғы байқауларында бұған дейін Amazon, Siemens, IBM және т.б. әлемге әйгілі компаниялар жеңімпаз болған.
Sergek Group директоры Әсет Ахметовтың айтуынша, бұл жетістік тек бизнес саласына ғана тиімді болып қоймай, еліміздің әлемдік аренадағы беделін нығырлай түседі.
«Бұл біздің әлемдік аренадағы алғашқы жетістігіміз емес. 2020 жылдың желтоқсанында біз "Intelligent Transportation" санатында IDC Digital Transformation Awards сыйлығын ұтып алдық. Бұл номинация зияткерлік көлік жүйелері саласындағы жобаларды бағалаған болатын. Бүгін біз мұны Future Digital Awards арқылы да растадық. Ақылды қалалар саласындағы озық тәжірибеміз тек Қазақстанда емес, ел сыртында да танымал болып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Өйткені, біздің бағдарламаларымызды экспорттау – тек бизнес емес, сонымен қатар елдің әлемдік аренада ұсынылуы», - деп бөлісті Ахметов.
Айта кетейік, Sergek Group - software және hardware мамандарын біріктіретін Қазақстандық IT-компаниялар тобы. «Сергек» жәй бейнебақылау камерасы емес, қауіпсіздік, көлікті басқару, экология бағыттары бойынша Smart City саласындағы қазақстандық көшбасшы компанияға айналған.
Қазіргі күні «Sergek ITS» қала инфрақұрылымын жоспарлауға, яғни автобус жолақтарын енгізу мен бағдаршам фазаларының өзгеруі қажеттілігі, қоғамдық көліктің тиімді бағыттары мен кестесін қалыптастыру және қаладағы кептеліс ошақтарының алдын алумен қалалық құрылысқа қатысты шешімдерді бағалауға және болжауға көмектеседі. «Алдағы уақытта IT шешімдерімізді экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, 2022 жылы «Сергек» интеллектуалды жүйесі Өзбекстанның Наманган қаласында ал, 2023 жылы жүйе пилоттық түрде Индонезияның Баликпапан қаласында іске қосылды. Пилоттық жоба оң нәтиже көрсеткен жағдайда, Индонезия астанасы Нусантарада толықтай орнатылады деген сенім бар. Осы орайда айта кетерлік жайт, Сергек трафик пен мобильділік бойынша жұмыс істейтін бағдарламада ITS Indonesia ұйымынан VV&E (Verification, Validation & Evaluation) сәйкестік сертификатын алды. Бұл құжат сергектік платформаның функциялары мен мүмкіндіктері Индонезияның мемлекеттік стандарттарына сәйкес келетіндігін растайды», - деп бөлісті компания өкілі.
Сергек жүйесі өз қызметін үзіліссіз жүргізеді. Осы себепті жалпы жылдық статистиканы алып қарастырсақ. Мысалы, Астанада алғашқы жылы жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім саны 43%-ға, яғни жалпы саны 53-тен 20-ға дейін азайған. Ал, қоғамдық орындардағы қылмыс 46%-ға төмендеген. 2017 жылдан 2023 жыл аралығында жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім көрсеткіші 60%-ға төмендеген. Бұл жерде қала тұрғындарының, сәйкесінше автокөлік санның да 40 пайызға ұлғайғанын ескеру қажет.
Орта есеппен «Sergek» жүйесін орнатқан қалаларда жол-көлік оқиғаларындағы өлім-жітім көрсеткіші 50%-ға дейін төмендейтінін көріп отырмыз, бұл халықтың жол ережесін сақтай бастағанын білдіреді.