«Билікті басып алып, Шығыс Қазақстанды бөлу қажет»: референдум өткізуді мақсат тұтқан екі тұлға сотталды

Azattyq Rýhy

Олар әлеуметтік араздықты қоздыратын үгіт-насихат жүргізген

«Билікті басып алып, Шығыс Қазақстанды бөлу қажет»: референдум өткізуді мақсат тұтқан екі тұлға сотталды
Фото: istockphoto.com

ШҚО-ның екі тұрғыны билікті басып алу және сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен Шығыс Қазақстан облысының екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды.

«Тергеу барысында аталмыш тұлғалар 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы сенімдері мен идеяларын білдіргені белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттады», - деп хабарлады прокуратура.

Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді.

Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Заңды күшіне енген сот үкімімен жоғарыда аталған тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.