$ 527.23  544.05  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.04.2020, 21:03
Қоғам

Карантиннен кейінгі отандық кинотетарлардың жағдайы қандай болмақ?

 «Меломан» компаниясының директоры карантиннен кейінгі кино туралы

Карантиннен кейінгі отандық кинотетарлардың жағдайы қандай болмақ?

Карантин жарияланған уақытта елімізде ең алдымен кинотеатрлар бірінші кезекте жабылды. Аталған салада компания директорларынан бөлек, отандық продюсерлерде қаржылай шығынға ұшыраған.  Бұл туралы «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» өткізген тікелей эфирде «Меломан» компаниясының бас директоры  Вадим Голенко айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Карантин жарияланған алғашқы күні көптеген отандық продюсерлер наурыз, сәуір, мамыр айларына жоспарланған картиналарын күзге немесе келер жылға қалдыратындарын айтқан. Вадим Голенконың сөзінше, продюсерлер бәрін келер жылға қалдырып, өз қалталарын ғана ойласа, кинотеатрлардың банкротқа ұшырауы мүмкін. 

«Барлық киностудиялар үшін бұл күтпеген жағдай болды. Бірінші реакция, барлық продюсерлер картиналарды релизден алып тастап, күзге немесе келер жылға қалдыруды ойлады. Бірақ бұл кинотеатрлар үшін өте үлкен шығын. Бұл бизнес қой, кино өндірушілер мен кинотеатр басшылары бірге отырып, ортақ келісімге келуі керек. Дегенмен карантин біткеннен кейін ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын. Біз карантиннің қашан аяқталатынын білмейміз, сол себепті, дәл қазір кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Бірақ қазақстандық кино бәрібір Ресейге тәуелді болып тұр. Егер Ресейде коронавирус ұзаққа созылатын болса, онда біздің кинотеатрлардың да жағдайы мәз бола қоймайды.  Себебі біз бір прокатты алаңдамыз, шетелдіктер кішкентай еліміз үшін арнайы релиз жасамайды»,- деді ол.  

Голенко карантин ашылған соң прокатқа отандық фильмнің шығуы тәуекелді талап етеді дейді. Сол себепті жоспарда америкалық  «Мулан» фильмі тұр. 

«Бізге қазақстандық кино прокаттың  біртекті экожүйесінде болғаны дұрыс. Прокатқа кім бірінші шығады, сол адам үшін тәуекел көп. Алғашқы болып үлкен жоба ұсынылғаны жақсы. Сол себепті прокатқа «Муланды» шығарамыз деп жоспарлап отырмыз, соған артар үмітіміз көп. Аталған фильм  орыс және қазақ тіліне аударылған»,-деді ол.

Вадимнің айтуынша, қазақстандық кинотеатрлар карантин ашылғаннан кейін де белсенді түрде жұмысын жалғастырады.

«Қазақстандық көрермен ойын-сауықтық контентті жақсы көреді. Ол локалды болсын, шетелдік болсын сапалы киноға көрермен міндетті түрде барады. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ. Сондықтан карантиннен кейін қайта қалпымызға түсеміз деп ойлаймын»,- деп аяқтады ол әңгімесін.

Айта кетейік, Коронавирус пандемиясы мен Қазақстанда енгізілген ТЖ тәртібіне байланысты Кино орталығы қаржыландырып отырған бірқатар фильмдерді түсіру уақытша тоқтатылды, олардың қатарында Қанағат Мұстафиннің «Кажымукан» фильмі, Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмі және Эмир Байғазиннің «Өмір» фильмі бар. ТЖ режимінен бас тартылып, карантин аяқталған соң кино түсірушілер өз жұмысына қайта кіріспек. Өздерінің күнтізбелік қойылым жоспарын өзгертуге мәжбүр болған жалғыз ғана қазақстандық кинематографистер емес. Әлемді алып жатқан індет аясында голливудтық режиссер Мэтт Ривздің «Бэтмен» фильмін және «Ведьмак», «Властелин колец» сериалдарын, сондай-ақ бірқатар басқа қойылымдарды, сондай-ақ Netflix атты стриминг-сервисінің барлық жобаларын да түсіру уақытша тоқтатылды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары