Атырауда карантин режимін бұзған радикалдар ұсталды
Олар төтенше жағдай кезінде көлігімен адам тасымалдаған
Төтенше жағдай кезінде көлігімен адам тасымалдаған Атырау қаласының екі тұрғыны ұсталды. Артынан анықталғандай, карантин режимін бұзған екі тұрғын да деструктивті діни ағым жетегінде жүргендер екен. Тіпті, ұсталғандардың бірі бұрын тонау және ұрлық қылмыстарымен сотталған. Бұл туралы Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Екі азаматқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабымен хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Төтенше жағдай енгізілгелі бері облыста 779 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 28-і Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 478-бабы (Төтенше жағдай режимі кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау) бойынша жауапқа тартылды», - делінген хабарламада.
Еске салайық, Атырау қаласында карантин режимі 30 наурызда енгізілді және 1 мамырға дейін ұзартылды.