Тараз қаласының жылу жүйесі 34 жылдан бері жөндеу көрмеген
Қаладағы 257 шақырым жылу жүйесінің 71 пайызы тозып тұр
Жамбылдағы жылу жүйесі 1990 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жылда жарылады, жұрт қыста бүрсең қағып қалады. Былтыр алты рет, биыл тоғыз жерден тесілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсіресе, Жуалы аудандық ауруханасында жағдай тіпті қиын. Жылу құбыры шұрық тесік, ауыстырмаса қыстан шыға алмаймыз дейді аурухана қызметкерлері.
Тараз қаласының қақ ортасы қопарылып жатқанына көп болды. Құдды қазба жұмыстары жүріп жатқандай. Дәл осы секілді шаһардың басқа жерлерін де қазып тастаған. Сөйтсек, 35 жыл жөнделмеген жылу желісі ауыстырылып жатыр екен. Жергілікті билік «жедел жөндеу қажет» деп биыл қаржысын Астанадан алдырыпты. Қаладағы 257 шақырым жылу жүйесінің 71 пайызы тозып тұр.
«Трубалар ескірген. Кейбір жерлерінде саусақпен тесетіндей жағдай бар. Мына Аққозиев көшесінің арғы жағында жерасты сулары бар. Әсіресе сол жақтан шыққан трубалар жағдайы өте нашар», - деді мердігер компания өкілі Дәулет Тұрсынханов.
Қала әкімдігі жылу желісінің осындай жағдайға жеткенше ай қарап отырды ма деген сауалымызға қаржы қол байлау болды дейді. Бұйырып, биыл бұл іске республикалық бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініпті. Қазір осы жұмыстың басында 120 жұмысшы мен 40 техника жүр.
«Ең негізгі желілер болғандықтан оны 600-дікке ауыстырып жатырмыз. Мұның суы өткізу қабілеттілігі жоғарылатып жатырмыз. Өйткені енді қосымша үйлер салынып жатыр микрорайондарда», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Ал, Жуалы аудандық аурухана биыл қыста тоңазытқышқа айналатын түрі бар деп депутаттар дабыл қақты. Жылу құбыры тіпті дәнекерлеуге де келмейді. Пйдаланғанына 60 жылдан асқан. Қырық жамау болған құбыр қысқа дейін жөнделмесе аурухана науқас қабылдай алмайды.
«Кейінге қалдырып 2-3 айдан кейінге қалып кететін болса оны жөндеуге келмейді. Себебі бізде Жуалы ауданында қыс ерте түседі да жөндеу жұмыстары тоқтап қалуы мүмкін», - деді облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиев.
«Биыл қыстан шығу шықпау қаупі бар. Шыға алмаймыз ба, егер ауыспаса қауіп болады. Любой уақытта жарылып кетуі мүмкін. Қазір түртсеңіз оны бәрі шіріп тұр. Сварочный работаға да келмейді», - деді Жуалы аудандық ауруханасының қойма меңгерушісі Асылбек Сембеков.
Аурухана былтырға дейін орталықтандырылған жүйеден жылу алған. Қызуы мардымсыз болған соң, жеке қазандық қойылыпты. Бірақ құбыр жаңармаса, жаңа қондырғыдан қайран жоқ дейді. Ал, аудан әкімдігі облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен министірлікке дейін ескерткендерін айтады. Биыл да бұл жылу мәселесі бюджеттік нақтылауға түспек. Одан қайран болмаса демеуші іздеп көрмек.