$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2020, 16:30
Қоғам

СҚО-да пара алды деген күдікке ілінген полицей үшін басшысы қызметінен босады

Облыстық ПД бастығының екі орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды

СҚО-да пара алды деген күдікке ілінген полицей үшін басшысы қызметінен босады
Фото: Батыржан Бесбаев

21 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданында бір миллион үш жүз мың теңге көлемінде пара алды деген күдікпен аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Бұл туралы СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«СҚО Полиция департапентінің тәртіптік комиссиясының шешімімен ол ішкі істер органдарына теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Оның тікелей басшысы – аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметінен босатылды. Сондай-ақ бірқатар басшылар, оның ішінде облыстық ПД бастығының екі орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Пара алу фактісі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіндегі әріптестермен ҚР ҚК 366-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Бұл жағдайға қатысты СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев та пікір білдірді.

«Бүгін мен жаза қолдану туралы бұйрыққа қол қойдым. Біз алдағы уақытта да өз қатарымыздағы құқық бұзушыларға қатаң шаралар қолданатын боламыз. Мұндай келеңсіз жәйт барлық жеке құрам төтенше жағдай кезінде ерекше режимде қызмет атқарып жатқан уақытта болды. Кез келген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық көріністерінің жолын ымырасыз кесетін боламыз», - деді СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев.

Еске сала кетейік, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов жақын арада қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 11 басшылық қызметтегі мемлекеттік саяси тұлға жұмыстан кететінін айтты.

Серіктес жаңалықтары