Ақтауда коронавирус жұқтырған әйел сау нәресте босанды

Өңірде 16 адам қауіпті инфекция жұқтырған

Ақтауда коронавирус жұқтырған әйел сау нәресте босанды

22 сәуір күні Маңғыстау облысында Covid-19 вирусын жұқтырған 16 науқас тіркелді. Оның ішінде 4 адам емделіп шықты. Бұған дейін 1 ер және 1 әйел адам жазылып шыққан болса, бүгін, яғни 22 сәуірде тағы екі келіншек ауруханадан шығарылды. Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының  міндетін атқарушы Ләззат Есенғалиева мәлімдеді.  

Оның айтуынша, коронавирус жұқтырғандар қатарында 7 адам Ақтау қаласында, 4 адам Жаңаөзен қаласында және 5 адам Шетпе ауылында тұрады.

«Қазіргі уақытта облыстық инфекциялық ауруханада 5 науқас ем алуда, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханада 4 адам және Шетпедегі инфекциялық бөлімшеде 3 науқас емделуде. Барлығына диагностикалық және емдік шаралар жүргізілуде. 12 науқастың ішінде біреуінің жағдайы ауыр деп бағаланып отыр және ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді ол.  

Ал Ақтау қаласының тұрғыны, жүкті келіншекке облыстық аурухана мен перинаталдық орталық дәрігерлері консилиум жасап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларымен онлайн телемедицина ұйымдастырған. Ақ халаттылар профессорлардың кеңесіне жүгіне отырып, босандырып алу жөнінде шешім қабылдады. Науқасқа кесір тілігі жасалды және дүниеге қыз бала келді.

«Науқас келіншек инфекциялық стационарға жатқызылды, барлық ем-дом шаралары ұйымдастырылды. Қасында акушер-гинеколог, медбике инфекционист-дәрігер бар. Ал,кішкентай сәби болса провизорлық госпитальде, тест нәтижесі теріс. Оның қасында дәрігер-неонатолог пен медибкелер бар. Жасанды сүт, памперс және тағы басқа балаға қажетті заттармен толықтай қамтамасыз етілген», - деді  Есенғалиева.

 14 күннің ішінде жас ананың жағдайы оңалса, үйіне қайтарылып қызымен қауышады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.