$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2020, 13:01
Саясат

Жақында басшылық қызметтегі 11 саяси тұлға отставкаға кетеді

Қарамағындағы қызметкердің жемқорлығы үшін басшылары да қызметінен босатылады

Жақында басшылық қызметтегі 11 саяси тұлға отставкаға кетеді
фото: Батыржан Беспаев

Жақын арада қарамағындағы қызметкерлері жемқорлық қылмысын жасағаны үшін 11 басшылық қызметтегі мемлекеттік саяси тұлға жұмыстан кетуі тиіс. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов айтты.

«Сіздерге бағынышты қызметкерлерінің жемқорлық әрекеті үшін бастығының да тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мен отставка кету институттарының дамуы туралы айтқымыз келеді. Өндірісте жатқан қылмыстық істерді есепке алғанда, жақын арада, сот шешімі шыққан соң 11 жетекшілік қызметтегі мемлекеттік саяси тұлға отставкаға өтініш береді», - деді Н.Жақсымбетов.

Жалпы, 2020 жылдың 1 тоқсанында жемқорлық қылмысы үшін 417 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылған: республикалық деңгейде – 11, облыстық 37, аудандық және қалалық деңгейдегі жетекші қызметтегі 35 лауазымды тұлға.

Еске сала кетейік, 2019 жылы 10 желтоқсанда ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығын жасағаны үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі бөлігінде енгізілген өзгертулер заңды күшіне енді. Аталған нормаға сәйкес, 2019 жылдың 10 желтоқсанынан кейін жасалған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін мемлекеттік қызметшіні кінәлі деп тану туралы сот үкімі күшіне енген соң оның тікелей басшысы – саяси мемлекеттік қызметші 10 күннің ішінде қызметтен кетуі тиіс.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары