«Өте қауіпті»: құтқарушылар атыраулықтардан алыс жолға шықпауды өтінді
Атырау облысында дауылды ескерту жарияланды
Атырау облысының төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабы ауа райының нашарлауына байланысты өңір тұрғындарынан алыс жолға шықпауды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Облыстық ТЖД алдағы тәулікте облыста дауыл соғатынын ескертті.
24 мамырда облыстың оңтүстігі мен шығысында найзағай ойнап, ал батысында түнде және таңертең тұман түседі деп болжанып отыр. Ал өңірдің солтүстік-шығысында, оңтүстігінде, шығысында желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады.
«Облыстың солтүстік-батысында өрт қаупі жоғары. Ауа райының нашарлауына байланысты құтқарушылар облыс тұрғындарын алыс жолға шықпауға шақырады. Әсіресе, тасқын қаупі күшейіп тұрған Махамбет, Индер бағыттарындағы трассамен жолға шығу – өте қауіпті», - дейді жедел штабтағылар.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі әлі сақталған. Тасқын су қаупіне байланысты кейбір бағыттар бойынша автомобиль жолдары уақытша жабық.