Дипломат төңірегіндегі шу: Сәкен Мамаш туралы жаңа мәліметтер белгілі болды
Бұрынғы кеңесшінің үстінен «азаптау» бабы бойынша іс қозғалды
Заңды некедегі әйелін он жыл бойы ұрып-соқты деген күдікке ілінген қазақстандық дипломат Сәкен Мамаш сыртқы істер министрлігі жүйесінде 19 жыл 6 ай қызмет атқарған. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы Azattyq Ruhy-ның ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
«С. Мамаштың ҚР СІМ жүйесіндегі еңбек өтілі 19 жыл 6 ай құрайды. Сонымен қатар С. Мамаш 2020 жылдың қыркүйегінен бастап 2024 жылдың мамырына дейін Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің кеңесшісі лауазымында қызмет атқарды», - делінген жауапта.
Мамыр айының басында ел назарын аударған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатқанда, тағы бір мемқызметкердің әйелі күйеуінен ұзақ жылдар бойы қорлық көріп келгенін мәлімдеді. Карина Мамаштың видеоүндеуінен кейін сыртқы істер министрлігі Қазақстанның БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашты шұғыл елге қайтарып, қызметінен босатты. Ал жәбірленушінің өзі балаларымен бірге Астанаға оралды.
Ішкі істер министрлігі әйелдің арызынан кейін Сәкен Мамаштың үстінен «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Карина Мамаштың айтуынша, жақындары Сәкен Мамаштың есебінен күн көрген. Күйеуі туыстарына миллиондап ақша аударып тұрған.
«Бүкіл туысы оның мойнында отырды. Ол отбасының, балаларының аузынан жырып, туыстарына миллиондап ақша аударатын. Мен оған туыстарға ақша берме деп тыйым сала алмайтынмын. Мен тырнағымды жөндету үшін ақша таба алмайтынмын», - деді Карина Мамаш «Nukte» арнасына берген сұхбатында.
Осыған байланысты Azattyq Ruhy Қазақстанның елшілері мен оның кеңесші-көмекшілерінің ай сайынғы табысын білуді жөн көрген еді. Алайда сыртқы істер министрлігі дипломатиялық қызмет персоналының жалақысы «құпия ақпарат» екенін меңзеді.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінің 2024 жылғы 29 ақпандағы № 11-1-4/82 «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің таратылуы шектелген қызметтік ақпарат тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Қазақстан Республикасының шет елдердегі дипломатиялық қызметі персоналының еңбек жағдайлары қызметтік бабында пайдалану үшін ақпарат тізбесіне енгізіліп, ашық жариялауға жатпайды», - делінген жауапта.