«Шыңдарға шыға бергім келеді»: Эвересті бағындырған қазақ қызы Алматыға оралды
Басқа елдерден келген қатысушылардың арасында шыңға жетпей, жарты жолдан лагерьге қайтқандар болған

Жер шарындағы ең биік шың – Эверестті бағындырған қазақ қызы Анар Бурашева елге оралды. Ол «Kazakh Everest Team» ұлттық-патриоттық экспедициясының құрамында болған. Экспедицияны тәжірибелі альпинист Мақсұт Жұмаев басқарған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Экспедиция мүшелері тауға көтерілер кезде ауа райының қолайсыз болғанын айтады. Түнде қар жауып, жолдың кейбір қауіпті аумақтарын басып қалған. Алысты көру қиындаған. Ал 8 мың метр биіктікке шыққанда ауадағы оттегі сиреп, олар арнайы масканы таққан. Басқа елдерден келген қатысушылардың арасында шыңға жетпей, жарты жолдан лагерьге қайтқандар кездескен.
Анар Бурашева бұған дейін Африканың ең биік шыңы Килиманджароға шыққан. Келесі сапарын Эверстті бағындыруға арнаған. Оның бұл ойын өзі жұмыс істейтін Everest Development компаниясының басшылығы қолдаған. Осылайша альпинист Мақсұт Жұмаев, Альмир Қымбатбайұлымен бірге дайындықты бастап кеткен.
Шыңды бағындыру – физикалық және психикалық тұрғыдан қиын шаруа. Көтерілу қандай жинақылық пен батылдықты талап етсе, шыңнан түсу де дәл сондай табандылықты талап етеді. Команда шыңнан жайлап түскен, күш жинап алу үшін 8000 метр биіктіктегі лагерьде бір түн түнеген.
Альпинистер тобы 7 мамырда жолға шығып, 13 мамырда 5 350 метр биіктіктегі базалық лагерьге оралды.
«Біз экспедициямызды Қазақстанның біртуар батырлары – Қазақстан Республикасының бірінші қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арнадық. Шыңда біз екі ту – еліміздің туы және Рахымжан Қошқарбаевтың Жеңіс туын желбіреттік», - деді қазақстандық альпинист, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі арнайы операциялар күштерінің «Тау-кен даярлау орталығының» майоры Мақсұт Жұмаев.
Анар Бурашева Эверестке шыққан тарихтағы тұңғыш қазақ қызы атанды. Ол бұл жетістікпен тоқтап қалмайтынын, әрі қарай әлемнің ең биік шыңдарына көтеріле беретінін айтты.
«7 шың» бағдарламасына қатысып, барлық құрлықтың ең биік тауларына көтерілгім келеді. Оның үстіне, менің қоржынымда африкалық Килиманджаро және Еуразия мен бүкіл планетаның ең биік шыңы – Эверест бар»,-деді Анар Бурашева.