$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.05.2024, 12:17
Қоғам

Мәжілісте қазақ жылқыларының тұқымын сақтау және молайту туралы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

Заң жобасына депутаттар бастамашы болған

Мәжілісте қазақ жылқыларының тұқымын сақтау және молайту туралы Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды
Фото: партияның баспасөз қызметі

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палата депутаттарымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Жұмыс тобының жетекшісі, «AMANAT» партиясының мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай заң жобасының мақсаты – қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, сондай-ақ оның сапасын жақсарту және мал басын көбейту үшін селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстар жүргізу екенін атап өтті.

«Заң жобасында «асыл тұқымды жануар» және «тұқым стандарты» ұғымдарына өзгерістер енгізілді, осыған сәйкес асыл тұқымды жануарлардың фенотиптік және өнімділік көрсеткіштермен қатар, жылқылардың жұмысқа қабілеттілігіне, ептілігі, төзімділігі сияқты басқа да пайдалы қасиеттер тұқым стандартына жатқызылады. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары тек өнімді жылқы шаруашылығын қолдауға ғана бағытталғанын айта кеткен жөн. Бұдан басқа, заңнамалық түзетулерге сәйкес отандық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған іс-шараларды субсидиялау көзделген», - деді депутат.

Қостанай жылқысы 1951 жылдан бері реестрге енгізілген.  Селекциялық жұмыстардың нәтижесінде ол халықаралық деңгейде өте мықты жылқы тұқымдарының қатарына қосылды. Алайда кейінгі жылдары аталған тұқымға аса мән берілмегендіктен, заңнамалық тұрғыда қорғалмағандықтан, бұл тұқым бүгінде жойылып кетудің алдында тұр. Қазір республикалық палатада тіркелген небәрі 278 ғана Қостанай жылқысы бар.

Әзірленген Заң жобасы басқа да жылқы тұқымдарын мемлекеттік деңгейде қорғап, қамқорлыққа алуды көздейді.

Заңнамалық түзетулерде қостанайлық жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған бірқатар іс-шараларды субсидиялау көзделген:

- асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алуы;

- асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу;

- оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.

Бұл Заң жобасы ат спорт түрлерін, нақтырақ айтқанда, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ, бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлерін насихаттауға және дамытуға мүмкіндік береді.

 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#AMANAT партиясы