$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.05.2024, 10:50
Қоғам

«Қарызсыз қоғам» жобасына бір жыл: Тұтынудан үнемдеу мәдениетіне дейін

«Қарызсыз қоғам» жобасының басталғанына бір жыл өтті 

«Қарызсыз қоғам» жобасына бір жыл: Тұтынудан үнемдеу мәдениетіне дейін
Фото: партияның баспасөз қызметі

Өткен жылдың мамыр айында кез келген тұрғынға қаржылық сауатты арттырып, қарыздан құтылуға көмектесетін «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылған еді. Биыл жоба жаңа тыныс алды және проблемалық борышкерлерді де оңалту бағдарламасы қолға алынды. Осы орайда «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева жобаның басты жетістіктері мен бағыттары туралы айтып берді, деп жазады Azattyq Ruhy. 

115 мың адам қаржылық сауатын арттырды

«Қарызсыз қоғам» жобасында өткен жылы 65 мың адам, биыл – 49 мың адам білім алды. Бұл үлкен көрсеткіш. Қатысушылардың жартысына жуығы білікті қаржы және заң мамандарының көмегін алды. Бұл ретте, шоттың бұғатталуынан бастап, қарызды қайта құрылымдау, соттан тыс банкроттық рәсімдеу, коллекторлармен жұмыс секілді 20 бағытта көмек жүргізілді. Сондай-ақ, қаржы сарапшылары бизнес-жоспар жазу, отбасылық бюджетті қолға алуды үйретті. Ең бастысы – жоба қатысушыларының санасы түбегейлі өзгергенін көріп отырмыз. Тығырыққа тіреліп, шығар жол жоқ деп ойлаған борышкерлердің қарызы қайта қаралып, үміт сәулесі пайда болды.

Қаражатты дұрыс жоспарлау, дұрыс басқару тәсілдері болмаса, адам қанша табыс тапса да, жеткізе алмайды. Мәселен ауылдағы ең табысы жоғары мамандар – мұғалімдер. Олар 300 мың, 400 мың, 500 мың теңге жалақы алса да, несиеден көз ашпайды. Тура осы қаражатты жұмыссыз отырған, көпбалалы аналар бәріне жеткізіп, қарызсыз өмір сүрер едім деп армандайды. Мәселе табыс көлемінде емес, ойлау жүйесінде екенін түсініп, қатысушыларды тұтыну психологиясынан үнемдеу психологиясына бағыттап жатырмыз. Ауыл тұрғындары күнделікті газдалған сусын, чипсы алса, қала тұрғындары – кофе мен десертке ақша жұмсайды. Мұның бәрін үнемдеп, ақшаны тиімді жұмсауға болады.

Әрине, 10 облысты қамтыған су тасқыны жағдайы біздің жұмысымызға да әсер етті. Батыс Қазақстан облысында жағдай қиындап, оқуды тоқтатуға мәжбүр болдық. Қалған аймақтар қалыпты режимде жұмыс істеуде. ТЖ кезеңінде несие борышкерлеріне көмек көрсететін заңгерлер мен қаржы сарапшыларының жұмысын күшейттік. Тіпті біздің жобаға қатыспағандар да көмекке жүгіне алды. Көбісінің құжаттары жоғалған, қалпына келтіру үшін не істерін білмеді. Біз ЭЦҚ, анықтама, несие шартының көшірмесін алу, тіпті несиені кейінге қалдыру туралы өтініш беруде де жәрдем еттік.

Банктер де қоғамның дамуына мүдделі

Бір жылда біздің жобаны қолдайтын банктер саны да артты. Кез келген банк өз бизнесінің ұзақ мерзімді дамуы туралы стратегиялық тұрғыдан ойласа, несиелік қарыздарды уақытында қайтаратын, қаржылық білімі бар, сауатты халық қажет екенін түсінеді. Расында да банктің әлеуметтік жобаларға қатысуы үлкен рөл атқарады. Егер қоғамның қаржылық сауаты өте төмен болса және бұл экономикаға теріс әсер етсе, банктер де мұның қандай ықпал тигізетінін түсінеді. Сондықтан, бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.

«Қарызсыз қоғам» – елдегі барлық ірі банктерді біріктірген алғашқы жоба. Еліміздің барлық ірі банктері – Freedom Bank, Банк Центр Кредит, Halyk Bank, Altyn Bank, Bereke Bank, Еуразиялық банк, Forte Bank, Home Credit, Jusan, Nurbank, Bank RBK жобаның серіктесі атанды. Президент өз Жолдауында жобаның ауқымын кеңейтуді тапсырған еді. Әзірге Үкімет 2026 жылға дейінгі үш жылға арналған Жол картасын бекітті.

Сондай-ақ, «Қарызсыз қоғам» жобасының жалғасы ретінде борышкерлердің табысын арттыру мен проблемалы кредиттерден арылтуды мақсат етіп қойдық. Бұл үшін Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» орталығы пилот ретінде ашылды. Онда адамдар ауылшаруашылық дағдыларын үйреніп, керекті құрал-жабдықтарды алып, нарықта сұранысы бар өнімдер шығарады. Табысының бір бөлігі проблемалық несиені жабуға жұмсалып, өмірлік дағды мен кәсіпті игереді. Жамбылдан кейін халық тығыз орналасқан Түркістан облысы жоспарда тұр. Бұл да банктердің қаржылай қолдауымен іске асқан игі шараға айналды.

Жаңа оқулықта Финляндия әдісі қолданылады

"Қарызсыз қоғам" жобасының құндылығы және оның қисынды аяқталуы – барлық мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қаржылық сауат оқулықтарын әзірлеу болмақ. Бұл оқулықтарды жазарда 543 мың адамға сауалнама жүргізілді және қазіргі «Қаржылық сауат» пәнінің барлық кемшіліктері анықталды. Мысалы кей мектептерде қаржы саласына қатысы жоқ тарих, қазақ тілі, дене шынықтыру мұғалімдері сабақ береді екен. Оқу материалдары қызық емес. Мұны мектепте жүріп-ақ мобилограф, контентмейкер, СММ болып, табыс табатын оқушылар айтуда. Криптовалютаға, инвестициялық қорлар мен нарықтарға қызығатын ұрпақ өсіп келеді. Соған лайықты ұстаздар мен оқулықтар әлі жоқ.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оқулық жазатын әдіснамалық топ құрдық. Бұл топ Финляндия мен Эстония тәжірибесін алуға арнайы барады және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылады. PISA рейтингінде Финляндия мен Эстония қаржылық сауат бойынша әлемде жетекші орын алады. Бұл елдерде бала кезінен ақшаны қалай жұмсау керегі, қауіпсіздік қоры үйретіледі. Біз Қаржы нарығын дамыту агенттігіне 2 мамырды Қаржылық сауат күні деп белгілеу жөнінде өтініш жолдадық. Бұл күні барлық ұйымдарда қаржылық сауаттың не екені айтылса, шеберлік сағаттары, семинарлар мен ашық есік күндері өткізілсе, қаржылық сауатты қоғамға бір қадам жақындаймыз деген ойдамын.

Серіктес жаңалықтары