«Мектептегі ең сорлы пән – қазақ тілі»: Ғани Бейсембаев қазақ тіліне немқұрайлы қарап отыр ма

Темірхан Айжан

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа екі рет хат жолданған 

«Мектептегі ең сорлы пән – қазақ тілі»: Ғани Бейсембаев қазақ тіліне немқұрайлы қарап отыр ма
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбек мектептердегі қазақ тілі пәнінің бағдарламасын сынады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ол орта мектептердегі қазақ тілі пәнінің мүшкіл жағдайына алаңдап, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа екі жыл қатарынан хат жолдаса да, еш жауап алмағанын айтады.

«Мектептегі қазақ тілі пәні – нағыз функционалды сауаттылыққа үйрететін пән. Бірақ солай бола тұра, мектептегі ең сорлы пән қазақ тілі: оның мақсаты дұрыс қойылмаған; бағдарламасы быт-шыт; ең бастысы, пәнді білудің заңдылық негізі мүлдем жоқ, ешбір жерде белгіленбеген. Мектептегі керек пәнді, жалпыға тегіс керек пәнді дәл осылай сүмірейту дұрыс емес», - дейді ғалым.

Бижомарт Қапалбек жылдан-жылда өзгеріп жатқан қазақ тілін оқытуды мектеп бағдарламасындағы кемшіліктерді тізіп, бір топ ғалыммен зерттеу де жүргізген. Соның нәтижесінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа 2023, 2024 жылдары екі рет хат жолдаған. Мәселені түсіндіріп, ұсынысын қоса жазған хатқа министр еш реакция білдірмеген.

«Біз бұл бойынша да жоғарыға хат жаздық. «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытудың жүйесі» жоба аясында зерттеп жатырмыз. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде балабақшада, бастауыш, орта және жоғарғы мектепте оқытудың біртұтас жүйесі жасалуы керек. Оқытып жатырмыз, сағат та бөлінген, бірақ нәтиже жоқ. Әр деңгейді оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуі тиіс, құқықтық талаптары белгіленуі керек. Жоба барысында Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқытудың қолданыстағы жүйесін талдау, әр деңгейге арнап жасалған бағдарламаларды сараптау, қазақ тілі оқытушыларына арналған нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірлеп шығару, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуді анықтаудың деңгейлік тесттік жүйесін жасап, мемлекеттік тілді білудің құқықтық талаптарын әзірлеп, ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Әзірге қолдан келері сол», - дейді Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек.

Ол алдағы уақытта зерттеудің нәтижелерін қоғамға жариялап отыратынын айтты.

Еске салсақ, 14 мамыр күні Мемлекеттік тілді дамыту институтында «Қазақ мектептері мен педагогикалық колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі» атты семинар-кеңес өткен болатын. Мемлекеттік тілді дамыту туралы іс-шараға ғалымдар, мұғалімдер, тіл зерттеушілері, журналистер қатысты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.