$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.05.2024, 09:00
Қоғам

Атышулы антиваксер Айна Бакееваның журналист өліміне қатысы бар ма: тексеріс немен аяқталды

Ішкі істер министрлігі қазақстандық журналистің өлімінен кейін тексеріс өтетінін мәлімдеген еді

Атышулы антиваксер Айна Бакееваның журналист өліміне қатысы бар ма: тексеріс немен аяқталды
Фотоколлаж

2021 жылғы тамызда ішкі істер министрлігі танымал журналист Қалыбек Атжанның өлімінен кейін дәрігер Айна Бакееваның қызметіне тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Алайда істің немен аяқталғаны дүйім жұртқа сол күйі белгісіз болып қалған еді. Azattyq Ruhy оқиғаның мән-жайын білу үшін құқық қорғау органына ресми сауал жолдаған болатын.

Реабилитолог, терапевт Айна Бакеева халыққа пандемия кезінде танылған. Коронавирус өршіп тұрған тұста дәрігер желі арқылы эфирге шығып, вакцинасыз індеттен аман қалудың жолдарын көрсететін. Алайда 2021 жылдың жазында ішкі істер министрлігі Бакееваның қызметіне тексеріс жүргізілетінін хабарлады. Оған себеп – қазақстандық журналист Қалыбек Атжанның өлімі.

Белгілі журналист 9 тамызда коронавирустан көз жұмған болатын. Қайтыс боларының алдында Қалыбек Атжан әлеуметтік желідегі парақшасында Айна Бакееваның тыныс алу жаттығуларынан кейін денсаулығы сыр беріп, жағдайы нашарлап кеткенін жазған.

Көп ұзамай 11 тамызда журналистің қайтыс болу фактісі бойынша полицияға шағым түседі.  Ішкі істер министрлігі арыз тіркелгенін және тиісті тексеріс жүргізу үшін Жамбыл облысының полиция департаментіне жолданғанын мәлімдейді. Департамент тексеріс қорытындысы бойынша процессуалды шешім қабылдауға тиіс еді. Алайда тексерістің нәтижесі сол күйі жарияланған жоқ.

ІІМ баспасөз қызметі Azattyq Ruhy ресми сауалына берген жауабында Айна Бакееваның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ қылмыс құрамының болмауына байланысты жабылғанын мәлімдеді.

«Сіздің сауалхатыңызда аталған тұлғаға қатысты жүргізілген қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы, 1-бөлім, 2-тармағы (қылмыстық құқықбұзушылық болмауына байланысты ) негізінде тоқтатылды. Қабылданған шешімді Тараз қаласының прокуратурасы мақұлдады», - делінген жауапта.

Айта кетері, Айна Бакееваның Instagram желісіндегі парақшасына бүгінде 104 мыңнан астам адам жазылған. 

Серіктес жаңалықтары