«Қарызсыз қоғам»: Жетісу облысында 2 506 адам қаржылық сауаттылық курстарын тегін оқыды
Жыл соңына дейін өңірде жалпы саны 4500 адам осы курстардан өтеді деген жоспар бар
Жетісу облысында «Қарызсыз қоғам» жобасының аясында 2 506 адам қаржылық сауаттылықты арттыратын курстарды тегін оқып, сертификаттарын алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясының филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде тұрғындарға қаржылық сауаттылыққа үйрететін, табысты орынды жұмсауға жол көрсететін «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы аясында тегін оқыту курстары өз нәтижесін беріп жатыр.
«Жобаның 10-легі аяқталып, қатысушылар сертификаттарын алды. Бұл жоба жыл соңына дейін жалғасып, әлі 4000-4500 мың адам білім алады», - деп атап өтті Жетісу өңірі бойынша жоба жетекшісі Замзагүл Сламбекова.
Айта кетейік, жобаның мақсаты – проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру, қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйрету.
Оқу бағдарламасы бойынша келесі санаттағы азаматтар курстардан өте алады:
- несие бойынша қарыздары бар және борышкерлер тізіміндегі адамдар
- дәл қазіргі уақытта несиесі бар, бірақ мерзімі өтіп кеткен берешектері жоқ адамдар
- жеңілдікпен несие алып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырылатын ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер.
Сондай-ақ, жоба аясында ауылдық елді мекендерден қаржылық сауаттылығымды арттырамын деген ниеті бар азаматтар да курстармен қамтылады.