Астаналықтарды онлайн сауда арқылы алдаған алаяқ әйел ұсталды

Azattyq Rýhy

Күдікті Қостанай қаласының тұрғыны болып шықты

Астаналықтарды онлайн сауда арқылы алдаған алаяқ әйел ұсталды
Фото: freepik.com

Қостанай қаласының 34 жастағы тұрғыны Kolesa.kz мобильді қосымшасы арқылы азаматтарды алдап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Астана қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Аталған сайтта әйел кісі автокөлік бөлшектерін сату туралы хабарландырулар жариялаған. Онда көрсетілген бағалар нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен болған. Күдікті сатып алушылармен хат алмасуды жүргізіп, тауарға алдын ала төлем жасауды ұсынған. Төлемнің бағасы 20-150 мың теңге аралығында болған. Бейтаныс бикешке сенген азаматтар ақшасын оның бірнеше банктік шотына аударып отырғаны белгілі болған.

«Елордалық полицейлер жедел іздестіру шаралары барысында Қостанай қаласында бірқатар алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады. Тергеушілер тұрғылықты жерінен ноутбук, жеті ұялы телефон мен сим-карта тәркіледі. Бүгінге дейін полицияға алданып қалған 4 азамат хабарласқан, бірақ зардап шеккендер саны 30-ға жуық болуы мүмкін. Әйелдің бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалып, күдікті полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.