Жезқазғандық әйел баласын қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот шешімімен келіспейді

Azattyq Rýhy

Анасының айтуынша, 7 жастағы Нұрислам басынан соққы алған

Жезқазғандық әйел баласын қағып кеткен жүргізушіге қатысты сот шешімімен келіспейді
Фото: istockphoto.com

Жезқазғанда 7 жастағы баланы жол ортасында қағып кеткен жүргізуші айыппұл төлеумен шектелген. Баласының өмірі үшін алаң болған ана сот шешімімен келіспейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Алматы телеарнасына сілтеме жасап.

Бір ай бұрын бірінші сынып оқушысы Нұрислам Жұмақаевты Жезқазғанның орталық көшелерінің бірінде Toyota Land Cruiser автомобилін тізгіндеген келіншек қағып кеткен еді. Көлік астында қалған баланың анасы перзентінің бағдаршамның жасыл түсіне өткенін алға тартып отыр. Бейнежазбада да жаяу жүргінші жолағына қарамастан, тізгіндегі азаматтың жүрісті тоқтатпағаны байқалады. Салдарынан, бала 1 метрге дейін ұшып, бас ми жарақатын алған.

«Балам 6 күн ауруханада жатқанда келіп, хәлін сұраған жоқ. 3 күннен кейін өзіміз хабарластық. Ол кісі жолдасымен менің жұмысыма келіп, «100 мың теңге ақша берейін, осы істі жабайық» деді. Мен баламның денсаулығына келетін зиян жоқтығына көзім жетпейінше, тоқтамаймын деп едім. Ол кісі маған «Сен түк те істей алмайсың, айыппұлды төлейміз де, көлігімізді аламыз» деп өзіме қоқан-лоқы көрсетіп кетті», – деді баланың анасы Дана Омарова.

Оқушы баланың анасы дәрігерлерден «баланың жағдайы жақсы» деген жауап алған. Бірақ үйге келісімен Нұрисламның басы ауырып, жағдайы күн санап нашарлайды. Бір қауіптің барын сезген Дана Омарова Денсаулық сақтау министрлігінің шұғыл желісіне байланысқа шығып, баласын қайта ауруханаға жатқызуға мүмкіндік алған.

«Баланың жағдайы бірқалыпты. Қан қысымы 110/70, шағым жоқ», – деді көпбейінді аурухана директорының орынбасары Шахрух Юлдашев.

Жезқазған қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты берген ақпарға сүйенсек, баланың денсаулығына жеңіл түрде зиян көрсетілген екен. Мұндай мәлімет сарапшының қорытындысында жарияланған. Ал жол ережесін бұзғанымен қоймай, адам өміріне қауіп төндірген жүргізуші Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс аясында жауапқа тартылған.

«Сотта А. Есімді азаматтың жауаптылығын жеңілдететін мән-жайдың болуы мен жауаптылықты ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескере отырып, сот құқық бұзушыға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 2-бөлігінің санкциясы шегінде 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасын тағайындады», - делінген Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының хабарламасында.

«Мен соттың шешімімен келіспеймін. Себебі баламның жеңіл жарақат деп беріпті. Бала басынан соққы алған, гемотома бар. Түнімен ұйықтай алмайды», – деді Н. Жұмақаевтың анасы Дана Омарова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.