Бишімбаев соңғы сөзінде Гитлердің жақтасы жазған цитатаны оқыды
Бұған дейінгі сот отырысында оның адвокаттары ұлы Абайдың қара сөздерін ішінара мысал еткен еді
Бүгін сотта соңғы сөзін сөйлеген экс-министр Қуандық Бишімбаев диктатор Адольф Гитлердің жақтастарының бірі жазып кеткен цитатаны оқып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өтірік қаншалықты қорқынышты болса оған соншалықты тез сенеді» деген цитатаны оқыған Қуандық Бишімбаев әлеуметтік желіде өзі туралы айтып жатқан мәліметтердің жалған екенін алға тартты.
Дәлірек айтсақ, Қуандық Бишімбаев желіде оған қатысты қаралау науқаны басталғанын, ол тіпті кезінде бір баланы қағып өлтірді деген жалған мәлімет айтылғанын атап өтті. Осылайша ол алқабилерден желідегі жалған ақпараттарға сеніп емес, объективті түрде үкім шығаруды сұрады.
Ал, Қуандық Бишімбаевтың аузынан шыққан цитатаны Гитлердің жақтасы болған Йозеф Геббельс жазған деген мәлімет бар. Йозеф Геббельс 1933-1945 жылдары немістің пропаганда министрі болған. Кейбір тарихи деректерде оның кітабындағы бұл цитата шын мәнінде Гитлердің аузынан шыққан сөз деп жазылған.