$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.05.2024, 12:19
Қоғам

Қазақстанда негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

Алты облыстың түлектері үшін ҰБТ кешірек басталады

Қазақстанда негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды
Фото: pixabay.com

Бүгін Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, өтініштер 14 мамырға дейін қабылданады. Ал ҰБТ-ның өзі 16 мамырда басталып, 5 шілдеге дейін жалғасады.

Бірақ су тасқынына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланған 6 өңірде –  Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркелу уақыты ұзартылады. Яғни өтініштер 6-20 мамыр аралығында қабылданса, ҰБТ 25 мамыр мен 12 шілде аралығында өтеді.

Айта кетері, биыл талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең жоғары балмен грант конкурсына қатыса алады.

ҰБТ-ға қатысу үшін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты немесе UTO қосымшасы арқылы тіркелуге болады. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Түлектер екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді.

ҰБТ өзгерген жоқ

Айта кетері, биыл ҰБТ форматында өзгерістер жоқ. Талапкерлер үш міндетті және таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. Міндетті «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндер бойынша берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.

Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгерген жоқ.

Тестілеуге барлығы 4 сағат, яғни 240 минут уақыт беріледі. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қосымша 40 минут ұсынылады.

Сондай-ақ компьютер экранында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі мен тұздардың ерігіштік кестесі болады. Талапкерлердің пікірі мен қалауын ескеріп, оларға кестелердің қағаз нұсқасы да беріледі.

Тест тапсырушылар ҰБТ аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның  шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Жоғары оқу орнына түсу үшін шекті балл қанша болуы керек

Ғылым және жоғары білім министрлігі шекті балл да өзгермегенін атап өтті.

  • «Құқық» және «Педагогикалық ғылымдар» - кемінде 75 балл;
  • «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» -кемінде 70 балл;
  • «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» - кемінде 60 балл (ұлттық ЖОО үшін);
  • ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін – кемінде 65 балл;
  • басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл жинау керек.

 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#ҰБТ