“Атың шықпаса, жер өрте”. Тоқаев қазақ мемлекеттігіне қарсы шығатындарды сынады

Бұл туралы ол Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында айтты 

“Атың шықпаса, жер өрте”. Тоқаев қазақ мемлекеттігіне қарсы шығатындарды сынады
Фото: Ақорда

Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылады. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының онлайн форматта өтіп жатқан отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

“Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет”,-дейді президент. 

Тоқаев атап өткендей, “еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі, ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді”. 

“Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс»,-деп атап өтті президент.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.