«Ас үйдің есігін сындырып, дәретхананың қақпағын лақтырды»: Экс-министрдің бұрынғы әйелі отбасылық өмірі жайлы айтты
Ол осы жағдайдан кейін ажырасуға бел буғанын жеткізді
Қазір соты болып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман алғаш рет кең ауқымда сұхбат берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Назым Қахарман экс-министрмен 14 жыл бірге өмір сүрген, олардың ортақ 3 баласы бар.
Әсел Қожақоваға берген сұхбатында ол отбасылық өмірде болған оқиғалар жайлы айтып берді.
«Қазір сотта болған жағдайларға, яғни есікті сындырып, бұзып кіргеніне мен сенемін. Себебі ондай жағдайлар бірнеше рет болған. Ол маған кінәсіз, жайдан-жай ұрыс шығаратын еді. Мені қолымнан жұлқыған кездері болды. Оған дейін мен егер «барлығына өзің кінәлісің деп айтып, саусағыңның қолы тисе, полицияға хабарласамын» деп ескерткемін. Сондай жағдай қайталанған кезде мен полицияға қоңырау шалдым», - дейді ол.
Қахарман атағандай, бұл жағдай Бишімбаевтың шамына тіп, одан бетер ашуландырған.
«Менің телефонымды алып, унитазға ағызды. Бар ашу-ызасы бетіне шықты. Біткен жерім осы шығар деп ойлайдым. Сосын дәретхананың қақпағын жұлып алып, маған лақтырды. Ол менен екі есе үлкен. Өте қауіпті жағдай еді. Мен одан қашып, ас үйге барып есігін жауып алдым. Ол есікті сындырмақшы болды. Мен есікті ашып, мәжбүрлі түрде балаларымның қасына қашып бардым», - дейді ол.
Ол осындай жағдайға түскен әйелдерге кез келген адамнан көмек сұрауға кеңес берді.
«Менің ұлымның жасы ол кезде онда еді. Ол әкесінің алдына тұрып, «папа, өтініп сұраймын» деп алдап-сулап, оны тыныштандырды», - деп айтып берді ол.
Назым Қахарман осы жағдайдан кейін онымен ажырасу жайлы шешім қабылдағанын айтады.
Еске салсақ, осы күндері әйелін ұрып өлтірді деп күдіктелген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты болып жатыр.