«Туристердің міндетті түрде келетін орны»: Ұлы Қытай қорғанына сапар

Аягөз Құрмаш

Ұлы Қытай қорғаны 2300 жыл бұрын салынған

«Туристердің міндетті түрде келетін орны»: Ұлы Қытай қорғанына сапар
Фото: Azattyq Ruhy

Қытайға саяхаттап келетін туристер әрине Ұлы Қытай қорғанына барады. Себебі Ұлы Қытай қорғаны – аспан асты елінің символы. Көркі мен тарихы таңдай қақтыратын қамалдың қазіргі бейнесі жайлы Azattyq Ruhy тілшісі жасаған фоторепортаждан оқи аласыздар.

Ұлы Қытай қорғаны – әлемдегі ең ұзын қамал. Ол әлемнің жеті кереметінің бірі, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінің қатарына енген.

2012 жылы жарияланған археологиялық зерттеулерге сәйкес, Ұлы Қытай қорғанының ұзындығы 21 196 шақырымға жетеді. Биіктігі шамамен 6-7 метр, кейбір жерлерде 10 метрге дейін жетеді. Ал оның қалыңдығы шамамен 5-8 метр.

Жергілікті халықтың айтуынша, Ұлы Қытай қорғанының тастан қашалған қалдығы бертінірек салынған макетінен көрінеді. Қазіргі қытай қорғанының алғашқы прекурсорларының құрылысы біздің дәуірімізге дейін басталған.

Жоғарыда айтқанымыздай, біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда осы уақытқа дейін шашыраңқы патшалықтарды біртұтас мемлекетке біріктірген император Цинь Шихуанди жаппай бекіністер сала бастаған. Он жыл бойы екі миллионға жуық адам тау жоталары мен шатқалдарды қоршап тұрған қабырға тұрғызды. Құрылысқа әскерилер, шаруалар мен тұтқындар тартылған.

Келесі ғасырларда қабырғалардың құрылысы бірде тез, бірде ақырын салынып, XVII ғасырдың ортасына дейін әртүрлі нүктелерде жалғасты. Дәл осы Мин әулеті кезінде, 1368 жылдан 1644 жылға дейін қабырғаның бүгінгі күнге дейін жақсы сақталған бөліктері салынды. Осылайша, Ұлы Қытай қорғанының құрылысы екі мың жылдан аз уақытты алды.

Мұнаралар бір-бірінен 200 метр қашықтықта орналасқан. Ұлы Қытай қорғанын салудың басты мақсаты – жаудан қорғану. Шабуыл болған жағдайда жақын маңдағы мұнараға белгі ретінде от жағылып, осылайша дабыл бүкіл гарнизонға, тізбек арқылы жіберілетін.

Шығыстағы ұлы қытай қабырғасының бастауы  Шанхай-Гуань қаласының маңындағы Сары теңіздің Бохай шығанағында жатыр және ол  "айдаһар басы" деп аталады.

Қабырғаның Батыс ұшының нақты нүктесін анықтау қиын. Тарихшылардың көпшілігі Ұлы Қытай қорғанының ресми соңғы нүктесін «нефрит қақпасы», яғни Джуцюань округіндегі Гоби шөліндегі Юменгуан қоршауының қалдықтары деп атауға болатынын айтады. Жібек жолы да осы қақпадан өткен.

Қазір Қытайда аптап ыстық басталмаған, туристерге ең ыңғайлы кезең. Ұлы Қытай қорғанына шығу үшін сағат 9:00 бен 11:00 аралығын таңдаған дұрыс.

Себебі таудың қияр ұшында орналасқан қорғанға мініп-түсудің өзі күш-жігерді қажет етеді. Сағат 12:00 шамасында тас төбеден шыққан күн көзі сапарыңызды қиындатуы мүмкін.

Қорғанды көруге барғандар қарасы өте көп. Оның ішінде қытайлықтар, еуропалықтар мен ресейліктер бар. Біз Ресейден келген Людмила есімді туристпен сұхбаттастық. 

«Қытайға алғаш рет келіп тұрмын. Мен отбасыммен саяхаттап жүрмін. Әрине, Қытайға келіп тұрып, Ұлы Қытай қорғанын көрмей кету мүмкін емес шығар. Қорғанға көтерілу де аса ерік-жігерді қажет ететініне көзім жетіп отыр. Өте қиын, өзіңмен су алып жүрген жөн екен. Алайда оның барлығы қорғанның шыңына шығып, тамаша көріністі көргенде ұмытылады екен. Сондықтан «Қытайға келген әрбір туристің баратын жері» деп тізімге қосып қойған міндет», - дейді ресейлік турист.

Ұлы Қытай қорғанын тамашалауға лагердегі оқушылар да көп келетінін байқадық. Жалпы Ұлы Қытай қорғанын аспан асты елінің бетке ұстар көрнекі әрі тарихи туристік орны деп атауға толық негіз бар.

 

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.