$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.04.2024, 17:20
Қоғам

Президент Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарды аралады

Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті

Президент Қостанай облысындағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарды аралады
Фото: akorda.kz

Солтүстік Қазақстан облысынан кейін Президент борты Қостанай облысына ұшып келді. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі қазіргі ахуалмен танысу үшін тікұшақпен су басқын аумақтарды аралап көрді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынына байланысты өңірдегі алты аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты.

«Облыстағы 492 ауылдың 11-і су тасқынынан зардап шекті. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Алайда әлі де 51 үй су астында қалып отыр. Бұдан бөлек, 4 көпірді, 7 жол учаскесін су шайып кеткен, 1414 электр бағанына нұқсан келді. Нәтижесінде Қостанай мен облыстың оңтүстігіндегі аудандар арасында көлік қатынасы қиындап, 13 елді мекенді электрмен қамтамасыз ету мәселесінде түйткілдер пайда болды», - деп ақпарат берді әкім.

Сонымен қатар Президент облыстың негізгі гидротехникалық нысандарының, атап айтқанда Қаратомар, Жоғарғы Тобыл және Желқуар су қоймаларының жай-күйі жөнінде мәлімет алды.

Құмар Ақсақалов елді мекендер мен инфрақұрылымдарға төнетін қауіптің алдын алу үшін су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері ұдайы бақылауда екенін айтты.  Жалпы, өңірдегі дамбаларды бекіту, инертті материалдарды төгу нәтижесінде Тобыл қаласы, Амангелді ауданының орталығы және басқа да елді мекендер су басудан аман қалған.

Серіктес жаңалықтары