Әйеліне үнемі қол көтеретін ер адамдарды қоғамнан оқшаулау керек – мәслихат депутаты

Azattyq Rýhy

Құралай Жұмабекова өз әңгімесінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне тоқталды

Әйеліне үнемі қол көтеретін ер адамдарды қоғамнан оқшаулау керек – мәслихат депутаты

Ақмола облысы әкімінің әйел мен баланы қорғау мәселесі бойынша штаттан тыс кеңесшісі, мәлихат депутаты Құралай Жұмабекова өз балаларымен қатар, жетім балаларды бауырына басып, оларға аналық махаббат сыйлап жүрген белсенді азамат. Құралай Жұмабекова жетекшілік етіп отырған «Ана үйі» ресурстық орталығы мен «Демеу сенім» қоғамдық қоры қиын жағдайда қалған көптеген әйелге қолдау көрсетіп отыр. Спикер өте өзекті болып отырған тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы құндылықтары және Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты Azattyq ruhy тілшісінің сұрақтарына жауап берді.

– Ақмола облысы бойынша қиын жағдайға тап болған әйелдерге қол ұшын беріп келе жатқаныңыздан хабардармыз. «Ана үйі» ресурстық орталығы және «Демеу сенім» қоғамдық қорын құрып, жұмыс істеп отырсыз. Орталықтың қызметі жайлы айтып берсеңіз?

–  Біздің орталық - дағдарыс орталығы емес. Біз жалғызбасты аналарға және жас босанған әйелдерге көмек көрсететін орталықпыз. Сонымен қатар, алыс елді мекендерде тұратын жүкті әйелдерге қол ұшын береміз. Мысалы, облыс орталығынан шалғайда тұратын, бірақ, жүктілігіне қатысты дәрігерге жиі қаралатын, болмаса, кесір тілі операциясын күтіп жүрген әйелдер біздің орталыққа келіп, тұра алады. Егер ана баласынан бас тартып жатқан жағдайлар кездесетін болса, біз ол әйелдің туыстарымен сөйлесіп, ана мен баланы бір-бірінен ажыратпауға тырысамыз. Түрлі қиын жағдайларда қалған аналар біздің орталыққа келіп, естерін жинап жатады. Орталыққа көмек сұрап келген әйелдердің ары қарай жұмысқа тұрып кетуіне, білім алуына немесе оқуын жалғастыруына көмектесеміз. Кей кездері олардың балаларын балабақшаға орналастырып, аяқтан тұрып кетуіне де қолғабыс етеміз. Бұдан бөлек алимент төлемей жүрген әкелер болса, ол бойынша сотқа қатысып, орталықтағы әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар, әйелдерге ата-ана құқығынан айырылғаны туралы қағаз келсе сол бойынша да ақпаарттық қолдау жасалады.

Ал «Демеу сенім» қоғамдық қоры туралы айтатын болсам, бұл -жетімді бауырына басқан ата-аналармен жұмыс істейтін қор. Біз бала асырып аламын деген отбасыға құжат рәсімдеуде көмектесеміз.  Бала асырып алған ата-аналармен тоқсан сайын жиналыс өткізіп, бала тәрбиесі және осыған қатысты көптеген сұрақтарды талқылап, олардың шешімі туралы ұсыныстар айтамыз.

– Қазір отбасында зорлық көрген әйелдер мен балалар көп. Сіз басқарып отырған орталық осындай топтағы әйелдер мәселесіне араласа ма?

– Мен басқарып отырған орталық дәл зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің мәселесін шешпейді. Бірақ мен облыстық мәслихаттың депутатымын және облыс әкімінің әйел мен бала құқықтары бойынша штаттан тыс кеңесшісімін. Сондықтан, бұл саладағы пробелмалар маған етене жақын. Кей кездері әйелдер хабарласып, күйеуі бірнеше рет үйден қуып жібіргенін және енесі күн бермейтінін айтып шағымданады. Мектептерде балалар буллингке ұшырап немесе түрлі психологиялық эмоциялық қысымдарға ұшырайды. Бүгінгі таңда облыста 5 дағдарыс орталығы бар, атап айтқанда Көкшетау, Степногорск, Атбасар, Щучинск қалалары мен  Ақмол ауылында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған 2 консультативтік пункт жұмыс істейді. Бұл орталықтардың барлығы сіз сұрап отырған зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйел мен балаларға көмек қолын созады.

–  Жалпы, сіздің есебіңіз бойынша немесе Ақмола облысындағы статистика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер туралы ақпарат бар ма?

–  Бұл орталықтар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге 2024 жылы облыстық бюджеттен 67,8 млн теңге бөлінді. Тек биылдың өзінде 87 азаматқа, оның ішінде 25 әйелге, 62 балаға көмек көрсетілді.

–  Сіз басқарып отырған орталықтан шыққаннан кейін әйелдер ары қарай әлеуметке қалай сіңіседі?

– Бізге келген әйелдерге барынша, жан-жақты көмек көрсетеміз. Арнайы ресурс бөлеміз.  Оларды жұмысқа орналастырамыз. Бірақ, барлық әйел дұрыс жолға түсіп, өмірде өз жолын тауып кетеді деп айта алмаймын.  Кейін ол әйелдер орталыққа қайта келіп, балаларын тастап кетіп жататын оқиғалар жиі кездеседі. Егер олар бізге берілген уақыт ішінде өз жолын таба алмай, қайта-қайта келе беретін болса, біз басқа қамқорлық көрсететін мемлекеттік органдардың қызметіне жүгінеміз. Ол органдар әйелдерді қажет болған жағдайда мәжбүрлі түрде емдеу, ата-ана құқығынан айыру сияқты шараларды қабылдайды. Өкінішке қарай, біздің орталыққа келген әйелдердің бәрі бірдей «психологтың көмегіне жүгініп, осы орталықтың қолдауымен өмірімді жақсы жаққа қарай өзгертейін» деп ойламайды..

–  Қазір елімізде болып жатқан резонансты оқиғалар сияқты жағдайларды, күйеуінің қолынан көз жұматын әйелдердің қайғылы тағдырларын басқа әйелдер қайталамау үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз? Сіз мәслихат депутаты ретінде жуырда Сенат мақұлдаған заңға қатысты не айта аласыз?

–  Иә, қазір Бишімбаевқа қатысты іс жұртты шулатып отыр. Кім болсын, лауазымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан, қоғамда біреуді ұрып-соғуға ешкімнің құқығы жоқ. Біз заң талаптарын қатаң сақтауымыз керек. Заң алдында бәріміз бірдейміз. Егер адам әйелін немесе басқаны ұрса, өлтіріп алса, оған қатаң жаза қолдану керек. Күйеулерінен зорлық көрген әйелдер дағдарыс орталығында ұзаса 5-6 ай ғана өмір сүре алады. Кейін ол бәрібір өзінің ортасына оралады. Орталық қабырғасынан тыс өмірдегі жағдайды біз бақылай алмаймыз ғой. Әйелін ұрған еркек бостандықта жүрсе, ол кез келген уақытта әйеліне тағы да қол көтеріп немесе өлтірмейтініне кім кепіл? Сондықтан, әйелін үнемі ұратын еркектерді есепке алып, оларды қоғамнан 2-3 жыл болсын оқшаулау керек. Ол оқшау жерге қамалып, ауыр жұмысқа тартылып, отбасы, бала-шағасын  асырай алатындай қаражат табу мүмкіндіктерін ұсыну қажет. Күйеуінен таяқ жей беретін әйелді келесі бір дағдарыс орталыққа уақытша орналастыра беру деген дұрыс емес, ол проблеманы түбегейлі шешпейді.

Сонымен қатар, отбасын қолдау орталықтарының жұмысын қауіп-қатерлерді болжайтын немесе мәселеде нақты шаралар қабылдайтындай бағытқа бұру керек. Мысалы, ұрыс-керіс жиі болатын отбасындағы балалар дұрыс тамақтанбайды, дұрыс киінбейді. Түрлі психологиялық-эмоциялық қысымдарға түседі. Мұның өзі балаларға жасалған моральды зорлық-зомбылық түрі болып саналады.

–  Отбасы құндылығы және әйелдің қоғамдағы, отбасындағы рөлі туралы не айтар едіңіз?

–  Иә, түсінемін, қазір ата-аналардың бәрі жұмыс істейді. Бірақ, жұмыс пен бала тәрбиесі арасындағы жауапкершілікті естен шығармау қажет. Мен де жұмыс істеймін. Балаларым сабақта, 2 балам балабақшада. Алайда, мен жұмыс арасында балалардың не кигенін, не тамақ жегенін сұрап, қадағалаймын. Қоғамдық жұмыс болған соң, іссапарларға жиі барамын,  сонда да үлкен балаларыма жауапкершілік жүктеп, өзім телефонмен болсын, шамам келгенше балаларды қадағалаймын. Жұмыс істейтін әйелдер бұған қоса үлгілі отбасын құрып отыр.  Өйткені, әйел ана ғана емес, ол тұлға. Оның өз айтары, өз құндылығы бар. Тағы бір мәселе әйелдің материалдық, әлеуметтік жағдайларына байланысты туындайды. Әйел өмірге бала әкеледі, бірақ, «мен бұл баланы асырай алмаймын, күшім жоқ, ақшам жоқ» десе дұрыс па? Жоқ әрине. Бұдан бөлек, аналарға жан-жақты да қолдау да көрсетілуі керек.

–  Сөз соңында көпті мазалап отырған сұрақты қойсам: отбасындағы тұрмыстық зорлықты түбірімен жою үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

–  Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтату бір күннің жұмысы емес. Сондай-ақ, ол санаулы ғана адамның қолынан келетін дүние емес. Заңнаманы қатаңдату керек. Әйтпесе, зорлық-зомбылықты тоқтата алмаймыз. Күні кеше Сенат отбасындағы зорлықтың жазасын күшейтетін заң жобасын мақұлдады.  Енді бала өлтіргендер мен зорлағандар өмір бойы темір торға тоғытылады. Бұдан бөлек, аталған заң талаптарында отбасын қолдау орталықтарын одан әрі дамыту мәселелері қамтылған. Менің ойымша, болашақта отбасы жағдайын цифрландыру жүйесін іске қосу қажет. Әсіресе, статистика және кринминалдық полиция бөлімдері бірнеше рет үйленген ер адамдарды, бірнеше рет күйеуге шыққан әйелдерді, өгей әке-шешемен тұратын балаларды есепке алуы тиіс. Бұл мәселе бізде мүлде есепке алынбайды, бақыланбайды. Тек баланы өгей әкесі зорлады немесе өлтірді деген кезде ғана біз есепке алып тексере бастаймыз. Ол кезде әрине кеш болады.  Осындай қауіпті әрі трагедиялық жағдайлар көп орын алып жатыр, оның үстіне мемлекеттік ұйымдар оның бәрін бақылап үлгермей жатыр. Сондықтан, түрлі қоғамдық ұйымдарға, қорларға қаражат бөліп, аталған жұмыстарды жандандыру керек. Осы бағытта жұмыс істейтін қорларға мемлекеттен қолдау жасалуы тиіс деп ойлаймын. Мен басқарып отырған «Демеу-сенім» қоры 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Біз жетім қалған балаларға қамқорлық жасап, оларды асырап алуға жәрдемдесеміз. Бірақ, біз осы уақыт ішінде бірде-бір мемлекеттік тапсырыс алған емеспіз. Яғни, азаматтық қоғамды дамыту үшін ортақ мүдде үшін ортақ жұмыс атқарлуы тиіс деп ойлаймын.

–  Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рақмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.