Мәулен Әшімбаев қазақстандықтар қызу талқылап жатқан заң жобасына қатысты пікір білдірді
Енді әйелдер мен балаларға қатысты қылмыс жасағандардың жазасы күшейеді
Сенаттың жалпы отырысында балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғау керектігі, оларға қарсы қылмыстардың алдын алу – әлеуметтік маңызы бар мәселе екені айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сенатқа Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасына қатысты бес мыңнан астам өтініш түскен. Сенат заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, палата төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасына қатысты пікір білдірді.
«Президент тапсырмаларын орындау үшін арнайы заңдар әзірленді. Мақұлданған заңдар әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз етіп, елдегі отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетік енгізіп отыр. Осыған орай, мемлекеттік отбасы саясатын қалыптастарытан жауапты өкілетті орган мәртебесі, отбасын қолдау орталықтары мен «111 байланыс орталықтары» сынды ұйымның қызметі заң деңгейінде белгіленеді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл әлеуеті де кеңейтілді. Заңдар аясында өмірде қиын жағдайға ұшыраған отбасыларды қолдау да көзделген», - деді Әшімбаев.
Сенат төрағасы атап өткендей, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қылмыстық және әкімшілік құқық бұзу туралы заңнама қайта қаралып, күшейтілді.
«Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін, ұрып-соққаны үшін, суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленеді. Сот қылмыстық құқық бұзу жасаған адамның жүріс-тұрысына ерекше талап қоя алады. Буллинг, кибербуллинг, балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Заң аясында өзге де ережелер бар. Бұл заң жобалары әйелдер мен балалардың конституциялық құқығын қорғауға тың серпін береді деп үміттенеміз», - деді Мәулен Әшімбаев.